Қазақша мәтін
Бір күні Жылан жанды мен жансыздарға мынадай арыз айтады:
– Тәңірім Мені бәрінен кем жаратыпты. Аяғым жоқ, қолым жоқ. Басымды көтере алмаймын. Не істерімді білмеймін. Барлықтарыңның тілдерің бүтін, ал мен айыр тілдімін. Жанды мен жансыздың ішіндегі сорлысы мен екенмін. Маған ешқайсыңның жәрдем еткілерің келмейді. «Сен көп қиналдың, ондайлар әрдайым әділ келеді, сен барлығымызға патша да бола аласың» деп, сөзбен болса да айтпайсыңдар, – деп, ағыл-тегіл жылайды. Жанды-жансыздың барлығы жыланға аяныш білдіріп, өкпесін дұрыс көреді. Сөйтіп Жылан патша болады. Күндер өтеді, жылдар өтеді...
Бір күні Жылан: «Бүкіл әлемге патша болып, барлық билікті өз қолыма алсам, бұдан да жақсы тұрар едім. Көзіме көрінген тамақты ішпей, дүниедегі жандылардың ең тәтті қандысын жер едім», – деп қиялдайды. Қан дәмін айыра алатындарды шақыртады. Шіркей мен Маса және патшаның көңілін тапқысы келгендердің бәрі келеді. Патша осылардың ішінен Шіркей мен Масаға:
– Жер жүзін аралап, өсімдіктердің дәмін татып, жанды-жансыздың қанын сорып қайтыңдар, тек бұлар ғана емес, қаттыдан тастың, жұмсақтан топырақтың да дәмін алыңдар. Дүниедегі ең тәтті зат менің тамағым болсын, – деп, бүкіл әлемді шарлатып жібереді. Күндер өтіп, патшаның кесіп берген мезгілі де жетеді. Шіркей әлсіздігінен жел болса, шөптің түбіне қашып тығылып, кешігіп қалады. Ал Маса өсімдік пен жандылардың ең тәттісін біліп алып, патшасына қарай ұшып, әндетіп келе жатқанда, Қарлығаш кез болады.
– Иә, Маса досым, патшамызға ең тәтті тамақ іздеп кетті деп естіп едік, таптың ба? Маса Қарлығашты менсінбей, сұрағына жауап қатпай, зулай жөнеледі.
– Ә, ә, түсіндім, түсіндім! Жолың болып, бір нәрсе тапқан екенсің, достым... Азаматсың өзің! Сенің ептілігіңді, еш нәрседен тайынбайтын бір беттілігіңді білгенмін. Осы қасиетіңді енді барлық қанаттыларға айта жүремін, – деп, Қарлығаш Масадан сыр тарта, мадақтай сөйлейді. Бұл мақтауға Масаның есі шығып:
– Патшамыздың тамағына кімді тапқанымды білесің бе?
– Е, Маса досым, мен не білуші едім? Сізден денемнің үлкендігі болмаса, ақылым аз емес пе?! Сіз патшаның ақылшысысыз. Кәне, төрем, айтыңызшы, ардақты патшамыздың тамағына кімді таптыңыз? Маса:
– Дүниеде патшамызға лайықты ең тәтті тамақ адам қаны екен. «Һм... Адам сияқты ақылды да айлалы жан бір сілімтікке жем болып қала ма» деп, қарлығаш бір амал ойлайды.
– Менің ақылымның қысқалығы осы емес пе, Маса төрем! Адамның қаны тәтті дегеніңізге не сенерімді не сенбесімді білмеймін. «Дүниеде тәтті қанды тауып, дәмін татқанның тіліне алтын мөр түсіп қалады» деп, шешем көп айтушы еді. Кәне, тіліңізді шығарып, мөріңізді көрсетіңізші! Алтын мөрді көру біз үшін үлкен бақыт қой. Ессіз Маса:
– Көрсең, көре ғой, байғұс! – деп, тілін ұсынады. Қарлығаш шап беріп, Масаның тілін жұлып алғанда, ол сөйлей алмай, ыз-ыз етіп, Жыланға қарай ұша жөнеледі. «Қош, тілің жұлынды. Аузыңа құм құйылды. Адамның қанының тәттілігін енді қалай түсіндірер екенсің?» деген оймен Қарлығаш артынан ұшады. Маса бірдемелерді айтқысы келіп, ыз-ыз етеді. Бірақ еш нәрсені түсіндіре алмай, Жыланға.
– Мұның тілі аузынан түсіп қалған ба, немесе жынданған ба? Мынаның не деп тұрғанын түсінгендерің бар ма? – деп, Жылан тұрғандарға қарайды.
– Өте түсінікті, патшам! – дейді Қарлығаш сонда.
– Кәне, түсінсең айтшы, не деп тұр?
– Ызыңдап ұшып жүріп, бүкіл әлемді араладым. Бірақ неше түрлі өсімдікті өсіріп шығарған топырақтан басқа еш нәрсені таппадым, – дейді патшам! Тілі сөйлеуге жарамаса да құлағы сау Маса мұны естігенде, жаны шығып ызыңдайды. Ол ызыңдап кеп, Қарлығашқа екі-үш рет тиіседі де Жыланның алдына барып жылап жібереді.
– Ә, ә, мұның тіліне бір пәле қылған сен екенсің ғой, – деп, Жылан Қарлығашқа атылып кеп кетеді. Қарлығаш ұша жөнеледі. Жылан ұша жөнелген Қарлығаштың құйрығын ғана тістеп қалады. Жылан содан былай топырақ жалап, ал Маса ызылдап қалады. Адам жыланды көрсе өлтіріп, басын езетін болады. Қарлығаш жыланнан қорқып, адамды дос тұтып, үйдің төбесіне ұя салады, бірақ оның құйрығы кем, екі айырық болып қалады.
Vocabulary
Аяныш білдіру – to express sympathy
Көңіл табу – to win someone’s favor
Әлемді шарлау – to travel the world
Кез болу – to come across
Зулай жөнелу – to dash off
Есі шығу – to be scared out of one’s wits
Сілімтік – wimp
Мөр – stamp
Байғұс – the poor
Аузына құм құйылу – to be speechless