Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Қарлығаштың құйрығы неге айыр?
B1 - Орта деңгей · 650 сөз

Қарлығаштың құйрығы неге айыр?

Аудио плеер
0:00 --:--
Бір күні Жылан жанды-жансыздың бәріне мынадай арыз айтады: – Тәңірім мені бәрінен кем жаратыпты. Аяғым жоқ, қолым жоқ. Басымды көтере алмаймын. Не істерімді білмеймін. Бәріңнің тілдерің бүтін, ал менің тілім айыр. Жанды-жансыздың ішіндегі сорлысы мен екенмін. Маған ешқайсыңның жәрдем еткілерің келмейді. «Сен көп қиналдың. Ондайлар әрдайым әділ келеді. Сен бәрімізге патша бола аласың» деп, сөзбен болса да жұбатпайсыңдар, – деп, ағыл-тегіл жылайды. Жанды-жансыздың барлығы жыланға аяныш білдіріп, өкпесін орынды көреді. Сөйтіп, Жылан патша болады. Күндер өтеді, жылдар өтеді... Бір күні Жылан: «Бүкіл әлемге патша болып, барлық билікті өз қолыма алсам, бұдан да жақсы тұрар едім. Кез келген тамақты жемей, дүниедегі жандылардың ішінен қаны ең тәттісін жер едім», – деп қиялдайды. Қанның дәмін айыра алатындарды шақыртады. Шіркей мен Маса және патшаның көңілін тапқысы келгендердің бәрі келеді. Патша осылардың ішінен Шіркей мен Масаға: – Жер жүзін аралап, өсімдіктердің дәмін татып, жандылардың қанын сорып қайтыңдар. Тек бұлар ғана емес, тастың да, топырақтың да дәмін татыңдар. Дүниедегі ең тәтті зат менің тамағым болсын, – деп, оларды бүкіл әлемді шарлауға жібереді. Күндер өтіп, патша белгілеген уақыт та жетеді. Шіркей әлсіз болғандықтан, жел соқса, шөптің түбіне қашып тығылады. Сөйтіп, ол кешігіп қалады. Ал Маса өсімдіктер мен жандылардың ең тәттісін біліп алып, патшасына қарай әндетіп ұшып келе жатады. Сол кезде оған Қарлығаш кез болады. – Иә, Маса досым, патшамызға ең тәтті тамақ іздеп кетті деп естіп едік. Таптың ба? Маса Қарлығашты менсінбей, сұрағына жауап бермей, зулай жөнеледі. – Ә, түсіндім, түсіндім! Жолың болып, бір нәрсе тапқан екенсің, достым! Азаматсың өзің! Сенің ептілігіңді, еш нәрседен тайынбайтыныңды білгенмін. Осы қасиетіңді енді барлық қанаттыларға айта жүремін, – деп, Қарлығаш Масадан сыр тартып, оны мадақтайды. Бұл мақтауға Масаның есі шығып: – Патшамыздың тамағына кімді тапқанымды білесің бе? – дейді. – Е, Маса досым, мен не білуші едім? Сізден денем ғана үлкен, ақылым аз ғой! Сіз патшаның ақылшысысыз. Кәне, төрем, айтыңызшы, ардақты патшамыздың тамағына кімді таптыңыз? Маса: – Дүниеде патшамызға лайықты ең тәтті тамақ адам қаны екен, – дейді. «Адам сияқты ақылды да айлалы жан бір сілімтікке жем бола ма?» – деп, Қарлығаш бір амал ойлайды. – Менің ақылымның қысқалығы осы емес пе, Маса төрем! Адамның қаны тәтті дегеніңізге не сенерімді, не сенбесімді білмеймін. «Дүниеде тәтті қанды тауып, дәмін татқанның тіліне алтын мөр түсіп қалады» деп, шешем көп айтушы еді. Кәне, тіліңізді шығарып, мөріңізді көрсетіңізші! Алтын мөрді көру біз үшін үлкен бақыт қой. Ессіз Маса: – Көрсең, көре ғой, байғұс! – деп, тілін шығарады. Қарлығаш шап беріп, Масаның тілін жұлып алады. Маса сөйлей алмай, ыз-ыз етіп, Жыланға қарай ұша жөнеледі. «Аузыңа құм құйылды. Адам қанының тәттілігін енді қалай түсіндірер екенсің?» – деген оймен Қарлығаш оның артынан ұшады. Маса бірдеңе айтқысы келіп, ыз-ыз етеді. Бірақ Жыланға еш нәрсені түсіндіре алмайды. – Мұның тілі аузынан түсіп қалған ба, әлде жынданған ба? Мынаның не деп тұрғанын түсінгендерің бар ма? – деп, Жылан тұрғандарға қарайды. – Өте түсінікті, патшам! – дейді Қарлығаш. – Кәне, түсінсең айтшы, не деп тұр? – «Ызыңдап ұшып жүріп, бүкіл әлемді араладым. Бірақ неше түрлі өсімдікті өсірген топырақтан басқа еш нәрсені таппадым», – дейді, патшам! Тілі сөйлеуге жарамаса да, құлағы сау Маса мұны естігенде қатты ашуланып, ызыңдайды. Ол Қарлығашқа екі-үш рет тиіседі де, Жыланның алдына барып жылап жібереді. – Ә, мұның тіліне бір пәле қылған сен екенсің ғой! – деп, Жылан Қарлығашқа атылады. Қарлығаш ұша жөнеледі. Жылан оның құйрығын ғана тістеп қалады. Жылан содан былай топырақ жалап, ал Маса ызылдап қалады. Адам жыланды көрсе, өлтіретін болады. Қарлығаш жыланнан қорқып, адамды дос тұтып, үйдің төбесіне ұя салады. Бірақ оның құйрығы екі айыр болып қалады. Сөздік: аяныш білдіру - to show sympathy көңілін табу - to win someone’s favour әлемді шарлау - to travel around the world кез болу - to meet; to come across зулай жөнелу - to dart away; to speed off есі шығу - to be carried away; here, to be overwhelmed with delight сілімтік - a contemptible creature; wretch мөр - seal; stamp байғұс - poor thing; poor fellow аузына құм құйылу - to be silenced; to be left speechless
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» Қазақ халық ертегісі. Ertegiler.kz, электрондық мәтін.