Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Қойшы мен шайтан
B2 - Ортадан жоғары · 571 сөз

Қойшы мен шайтан

Аудио плеер
0:00 --:--
Ерте-ерте, ерте заманда, ешкі құйрығы келте заманда бір қойшы байға көп жыл қой бағып, ешбір ақы ала алмапты. Байдың қорлығына шыдай алмаған соң, бір күні түнде қойды күзетіп жатып, еліне қашып кетеді. Оны ешкім білмейді. Ертеңіне жұрт оның жоғалғанын байқайды. Біраз уақыт іздейді, бірақ таба алмайды. Қойшы сол кеткеннен бір айлық жердегі еліне бет алып, жүріп отырады. Бірнеше күн жүрген соң бір ауылдың шетіне келіп, түн болған соң шеттегі бір кішкене үйге қонайын деп кіреді. Үйге кірсе, онда қарт пен кемпір тұрады екен. Үйі әрі тар, әрі кішкентай болады. – Ата, өте алыстан келемін, қонуға бола ма? – деп, қойшы рұқсат сұрайды. Шал күрсініп: – Үйіміз тар, өзіміз әрең сыйып отырмыз. Бұдан басқа бір кең үйім бар еді, онда қазір шайтандар бар. Қысы-жазы содан шықпайды, жазда пішенімізді дайындап береді, жұмысымды істейді, ал қыста қарымды күрейді. Күнде «Қызмет тауып бер», – деп, мазамды алады. Енді басқа бір үйге қонасың ғой, шырағым, – дейді. Қойшы бір қызығын көргісі келіп: – Ата-еке, ол үйіңе мен жатайын, талай рет шайтанмен жолдас болғанмын, – дейді. Қарт шайтан бар деген үйіне қойшыны кіргізеді. Қойшы кіріп, үйдің төріне орналасып жата бергенде шайтандар жан-жағынан қойшыны қаумалап: – Қызмет бер, қызмет бер, – деп, маза бермейді. Қойшы барлығына бұйрық беріп: – Таң атқанша терезенің алдынан бір үлкен үй тұрғызыңдар, үйдің алды көл, онда жүзген қаздар, айнала ағаш өсіп тұрсын, – дейді. Шайтандар түн ортасы болмай-ақ, қойшының тапсырмасын орындап тастап, маза бермейді. Шайтандар мазасын ала берген соң қойшы олардың бәрін жинап: – Кәне, барлығың қой болып, мына пештің ішіне кіріңдер де, үндемей жата қалыңдар, – дейді. Шайтандар пештің ішіне кірген соң пештің аузын да, мұржасын да қойшы үлкен таспен бітеп қояды. Шайтандар шыға алмай: – Тоқта, сен қой баққанда әлі кездесерміз, – деп, тынып қалады. Таң атқан соң қойшы шалмен қоштасып, жолға шығады. Қойшы бірнеше күн жол жүріп, туған еліне келеді. Әке-шешесі қуанып, той жасайды. Бірақ кедей болғандықтан, қойшы сол жердегі бір байдың қойын қыстай бағып шығуға жалданады. Еңбегіне екі қозылы қой, бір жұп қайыс етік және бір шекпен алатын болады. Бір күні қойшы қойларды қар астынан шөп іздетіп жайып жүрсе, баяғы бекітіп кеткен шайтандары келіп, қойшымен амандаса бастайды. Қойшы бір құшақ қамысты алып, өртей бастайды. Шайтандар қорқып кетіп: – Ойбай, не істеп жатырсың? – дейді. Қойшы: – Алтындарыңды тауып бермегендерің үшін сендерді өртейін деп жатырмын, – дейді. Зәресі ұшқан шайтандар: – Ойбай, өлтірме, қазір алтынды әкеліп берейік, – деп жалынған екен дейді. Қойшы отты сөндіре қояды. Көп кешікпей, шайтандар да алтынды алып келіп, қойшыға береді. Қойшы алтынды алып, шайтандарға қош айтысып, қала береді. Қойшы алтынды даладағы бір иесіз үйде сақтап, байға жұдырықтай алтын әкеліп көрсетеді. Өмірінде алтын көрмеген бай қойшыға: – Маған алтыныңды сат, – дейді. Қойшы: – Төрт жүз қойға сатып ал, – дейді. Бай қойын беріп, алтынды алады. Екінші күні әуелгіден көбірек алтын әкеліп, байға тағы көрсетеді. Бай оны да қойшымен келісіп, жалғыз арғымағына айырбастап алады. Үшінші күні қойшы бір торсық алтын әкеліп, байға көрсетеді. Бай сол алтын үшін жалғыз қызын қойшыға беріп, екеуін өз алдына отау етеді. Бір күні қыс өтіп, жаз да шығады. Қойшы байдан тиесілі қойлары мен заттарын алады. Қалған алтыны мен сатып алған қойларын жинап, өз алдына үй болып, шаруашылық құрады. Үрейі ұшқан бай қойшыдан қорқып, одан аулақ жүретін болыпты. Сөздік: қорлық - humiliation; ill-treatment пішен - hay қаумалау - to surround мұржа - chimney шекпен - woollen outer coat қамыс - reed жалыну - to plead арғымақ - fine horse торсық - leather flask отау - separate home of a newly married couple
Бабалар сөзі. 77-том: Сатиралық ертегілер. Астана: Фолиант, 2011. 118–119-б.