Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Алса-Бермес пен Берсе-Қоймас
B2 - Ортадан жоғары · 569 сөз

Алса-Бермес пен Берсе-Қоймас

Аудио плеер
0:00 --:--
Баяғы заманда Алса-Бермес, Берсе-Қоймас деген екі қу болыпты. Олардың бұлай аталу себебі мынау: Алса-Бермес бір кісіден алған затын қайтармайды екен. Ал Берсе-Қоймас біреуге бір зат берсе, оны қайтарып алмай қоймайды екен. Екеуінің де атағы жер жүзіне жайылыпты. Бір күні Бағдат қаласында тұратын Алса-Берместің атағын естіп, соған Берсе-Қоймас бармақ болып, көз тартарлық етіп, түрлі алтын сапты кездік соқтырады. – Үйіне қонғанда, көрсетейін, сұраса, берейін, – деп, соны алып, бірнеше күн жол жүріп, Алса-Берместің үйіне іздеп келіп, қонады. Тамақ ішіп-жеп болған соң түрлі кездікті жайып салып, көрсете бастайды. Көріп-көріп, сұрамай қойды. Ертеңіне таң атты. Алса-Бермес шай ішіп отырып, әйеліне айтыпты: – Әй, мен бүгін базарға барып, мүмкіндік болса, бір сиыр сатып әкелейін, – деді. Сонымен базарға барды, әлгі қонағы да барды. Барып, базардан бір сиырды сатып алатын болды. Сонда он тиыны жетпей қалды. Жан-жағына қараса, түнде үйіне қонған қонағы тұр екен. – Әй, он тиының бар ма? – деді. – Бар, бар, – деп, әкеп бере салды. Сонымен сиырды алып, үйіне келді. Кешке тамақты ішейін деп отырғанда Берсе-Қоймас: – Ассалаумағалейкум, – деп кіріп келді. – Кел, кел, – деп орын берді. – Ал, мен жүремін, әлгі алған он тиының бар ма? – деді. – Ойбай-ай, қазір жоқ еді, – деді. – О, қиналмаңыз, табылғанда алам, – деп шығып кетті. Ертеңгісін шайды алдына ала бергенде: – Ассалаумағалейкум, – деп кіріп келді. – Кел, кел, жоғары шық, – деді. Шай ішіліп болғанда Алса-Бермес: – Бұйымтайыңды айт, – деді. – О-бой-ау, бұйым – өзің алған он тиының бар ма? – деді. – Ойбай-ай, жоқ еді, – деді. – О, онша сіз қиналмаңыз, табылған күні алармын, – деді де, кетіп қалды. Түс болды, әйелі шайды әкеле жатып қараса, жүгіріп келеді екен. Оны көріп, әйелі күйеуіне ашуланды. – Не болды саған, осы бір айда он тиын түгіл, жүз сомның тамағын ішті, – деп. – Әй, олай болса, мен өлген болып жатайын. Сен шашыңды жайып, қара киіп, бетіңді тырнап, жылай бер, – деп, төсекке құлап, серейіп, «өліп» қалды. – Ассалаумағалейкум, – деп, үйге кіріп келді. Қатыны жылап отыр. – Ой, не болды? – деп сұрады. – Көріп тұрсың ғой, күйеуім дүниеден кеткенін... – Олай болса, оны өзім жуып, жерлеуге дайындайын, – деп, бір шәугім суды отқа қойып, қайнатып әкелді. Алса-Бермеске «Бисмилла, оң жақ иығынан бастайын», – деп, қайнаған суды құйып жібергенде, Алса-Бермес тыржың ете қалды. Сонда ақырын: – Әй, он тиын бар ма? – деп, құлағына сыбыр ете қалды. Тағы құйса, тағы да Алса-Бермес тыржың ете қалды. – Әй, он тиын бар ма? – деп, сыбыр етті құлағына. Жуып та болды. Қысқасы, бар денесі күйіп те болды. Ақ шүберекке орап, ел жинап, ауылдан молаға көтеріп те барды. Апарып, көрге қояйын деп көтеріп қойып жатып: – Әй, – деді құлағына, – ал, жан керек пе, саған он тиын керек пе? Он тиынды бересің бе, жоқ па? Бермесең, ал енді көмеміз. Өлсең де өлдің, өлмесең де өлдің, – деді. – Әй, ағатай, жақсылығыңды өмір бойы ұмытпайын. Мені көмбе, – деді Алса-Бермес. – Әйелім келсін, он тиыныңды берейін, – деді. Содан соң Берсе-Қоймас көрден шығып: – Ал, сіздер қайта беріңіздер, көмуін өзім-ақ көмем, – деді. Ел қайтып кетті. Қатыны келді, сонда он тиынды алды: – Қош, аман-сау бол, – деп, Берсе-Қоймас қайтты. Осы хабар елге жайылып, Алса-Бермес елден алған қарызын түгелдей қайтарып беріпті. Содан бастап ол Береген атқа ие болыпты. Сөздік: қу - trickster кездік - small knife қарыз - debt шәугім - kettle сыбыр ету - to whisper көр - grave қайтару - to give back береген - generous
Бабалар сөзі. 77-том: Сатиралық ертегілер. Астана: Фолиант, 2011. 174–176-б.