Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Намаз
B1 - Орта деңгей · 400 сөз

Намаз

Аудио плеер
0:00 --:--
Ертеде бір ауылдың адамдары намаз оқуды білмейді екен. Олар намаз деген бар деп естіп, соны үйренсек деп әңгіме қылады екен. Бір күні ауылға бір татар саудагер келеді. Ол ауылдың ақсақалы Айжарықтың үйіне қонады. Қонақ жатарда құптан намазын оқиды. Қонақ намазын оқып болған соң Айжарық: – Құтты қонағым, бұл не? – деп сұрайды. Татар Айжарықтың намазды білмейтінін сезіп, мұны бір қызық етейін деп ойлайды. Сөйтеді де: – Ақсақал, бұл – намаз, – дейді. – Әп, бәрекелді, біздің іздегеніміз осы намаз еді. Құтты қонағым, осы намазыңнан аздап бер, болмаса, қайдан алуға болады, жөнін айт, – деп, Айжарық қуанып сұрайды. – Менің намазым шамалы еді, жолыма жетпей қалатын сияқты. Базарда намаз көп, содан сатып алуыңызға болады, – деп, қонақ жайын айтады. Ертеңіне саудагер ерте тұрып, сапар шегеді. Ауылға Айжарық намаз тауыпты-мыс деген хабар жайылады. Жұрт жиналып келіп, Айжарық оларға қонақтың айтқанын айтады. Содан кейін жұрт ақылдасып, мал жинап, ортадан Айжарықты базарға аттандырады: – Малды сатып, соның ақшасына намаз сатып әкел, – дейді. Айжарық базарға келіп, малын сатып, намаз іздейді. Іздеп жүріп, бал арасын құмыраға қамап, сатып тұрған бір татарға кездеседі: – Мұның не? – Намаз. – Сатасың ба? – Сатам. Айжарық намазды сатып алады. Сөйтеді де, татардан: – Мұны қалай үйренеміз? – деп сұрайды. Татар түсіндіреді. – Намаз үйренемін дегендерді бір үйге жина, үйді мықтап жап, үйренгісі келгендерді тыр жалаңаш шешіндір, сонан кейін құмыраның аузын аш. Сонда намаз дуылдап шығып, бойларыңа сіңеді, – дейді. Айжарық ауылға келіп, татардың айтқанын істейді: ауылдың барлық беделді адамдарын бір үйге жинайды, үйді әбден тұмшалайды, жиналған жұртты тыр жалаңаш етіп шешіндіреді, сонан кейін құмыраның аузын ашып, бал арасын қозғап, үркітіп жібереді. Бал арасы быжылдап ұшып, жұртты шағады. Денесі дуылдаған жұрт әуелде: – Жарықтық, бойға дуылдатып, ашытып дариды екен, – деседі. Кейін шыдай алмай, құлындай шыңғырып, тулап, опыр-топыр жүгіріседі. Ақырында, үйді бұзып, бет-бетімен қашады. Сонда Айжарық үйдің ергенегін мойнына іліп, қашады. Бал арасы қашқан жұртты қуып, әр жаққа тарап кетеді. Біраз уақыттан кейін ел есін жинап, кім, қайда деп, бір-бірін іздейді. Сонда біреу көрші ауылдан келген біреуден Айжарықты сұрайды. Ол: – Ергенегі мойнында, Екі намаз соңында, Өзі хақтың жолында. Анау қырдан асып кетіп бара жатыр, – дейді. Айжарықтың ауылы намазды осылай үйреніпті. Сөздік: құптан намазы - night prayer құмыра - clay pot; jar тұмшалау - to shut tightly тыр жалаңаш - completely naked дару - to become absorbed into the body опыр-топыр - in a chaotic rush ергенек - wooden lattice gate есін жинау - to recover one’s composure
Бабалар сөзі. 77-том: Сатиралық ертегілер. Астана: Фолиант, 2011. 190–192-б.