Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Төрт ұры
B1 - Орта деңгей · 274 сөз

Төрт ұры

Аудио плеер
0:00 --:--
Ертеде төрт ұры мал ұрлау үшін жолға шығыпты. Біреуінің аты – Қағанақбас, екіншісінікі – Шибұт, үшіншісінікі – Қылкеңірдек, төртіншісінің аты Тұз екен. Қолдарына ештеңе түспеген соң, ақыры, біреудің ешкісін ұстап алып, бір бұлақтың бойына келіп, сол жерде түстеніп, әлгіні сойып, тамаққа асыпты. Шибұт түрегеліп, Қағанақбасқа айтады: – Сен мына майлы ішектерді қарынмен бірге суға апарып, жуып келе ғой, – деп. Қағанақбас барып, ішектерді жуып отырса, оның басына, бетіне шыбын, маса қонып, қаптап, тынышын алған соң, Қағанақбас ыза болып, қолымен масаларды қуамын деп, басына салып қалған екен де, басы жарылып, өліп қалады. Сонан соң Қылкеңірдек Шибұтқа айтады: – Әлгі, шіркін, неғып кешігіп қалды, сен барып, оған көмектесіп, жылдам оны әкел! – дейді. Шибұт барып қараса, Қағанақбастың басы жарылып, өліп жатқанын көріп, таң қалып: – Апырай, бұл неге өлген? – деп, екі санын екі қолымен салып қалған екен, екі аяғы үзіліп кетіп, жығылып, ол да өледі. Біраздан соң Тұз Қылкеңірдекке айтады: – Әлгілер не болып кешікті, сен барып, шақырып, алып келе ғой, – дейді. Қылкеңірдек барып, олардың өліп жатқандарын көріп, таң-тамаша қалып, «Ойбай, бұлар неге өлген?» деп, қатты «Еһ» деп демін ішіне тартып қалған екен, кеңірдегі үзіліп кетіп, ол да сол жерде өледі. Бұл уақытта жолдастары келмеген соң: – Бұларға не болды? – деп, Тұз өзі барады. Қараса, жолдастарының өліп жатқандарын көріп, не деп айтарын білмей, таң қалып, қимылдай алмай, қарап тұрса, сол мезгілде қатты жаңбыр жауып кетіп, Тұз сол жерде еріп кетеді. Сөйтіп, асқан тамақтары біреуіне де бұйырмапты. Біреудің адал еңбегі арамзаларға бұйыра ма?! Сөздік: ұры - thief қарын - stomach; tripe ішек - intestine ыза болу - to become angry кеңірдек - windpipe бұйыру - to fall to someone’s share арамза - dishonest person
Бабалар сөзі. 77-том: Сатиралық ертегілер. Астана: Фолиант, 2011. 196–197-б. Дереккөзді ашу.