Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Сандыбадтың бірінші сапары
B2 - Ортадан жоғары · 319 сөз

Сандыбадтың бірінші сапары

Аудио плеер
0:00 --:--
Ерте заманда Бағдад қаласында Сандыбад деген бай саудагер өмір сүріпті. Оның көптеген тауарлары мен кемелері болған. Теңізден оралған капитандар алыс елдер мен ғажайып оқиғалар туралы әңгімелейтін. Сол әңгімелерді тыңдаған Сандыбадтың өзі де саяхатқа шыққысы келеді. Ол тауарларын жинап, үлкен кемеге отырып жолға аттанады. Саудагерлермен бірге әртүрлі елдерді аралап, сауда жасайды. Бір күні кемешілер алыстан жасыл аралды көреді. Кеме сол жерге тоқтайды. Жолаушылар жағаға шығып демалады. Кейбіреулері тамақ дайындап, кейбіреулері аралды аралайды. Сандыбад та серуендеп кетеді. Кенет жер қозғалып, капитан: – Тез кемеге қайтыңдар! Бұл арал емес, алып балық! – деп айқайлайды. Шынында да, ол құм басып, үстіне ағаш өскен үлкен балық екен. Оттың қызуын сезген балық қозғала бастайды. Адамдар кемеге қарай жүгіреді. Бірақ бәрі үлгермейді. Балық суға сүңгіп кеткенде көптеген адамдар теңізге құлап кетеді. Сандыбад та кемеге жете алмай қалады. Ол су бетінде қалқып жүрген ағаш астауға жармасып, аман қалады. Толқындар оны ұзақ уақыт теңізде алып жүреді. Ақыры ол бір аралдың жағасына шығып, қатты шаршағандықтан демалады. Келесі күні аралды аралап жүріп, әдемі атты көреді. Көп ұзамай патшаның ат бағушысы келіп, Сандыбадпен танысады. Ол Сандыбадты патша әл-Михржанға алып барады. Патша қонағын жақсы қарсы алып, оның оқиғасын тыңдайды. Кейін Сандыбадты айлақтың бастығы етіп тағайындайды. Сандыбад сол елде біраз уақыт тұрады. Бірақ ол туған жері Бағдадты ұмытпайды және үйіне қайтудың жолын іздейді. Бір күні айлаққа үлкен кеме келеді. Сандыбад оның капитанымен сөйлеседі. Капитан кемеде бір кезде теңізде жоғалып кеткен саудагердің тауарлары бар екенін айтады. – Ол саудагердің аты кім? – деп сұрайды Сандыбад. – Оның аты Сандыбад, – дейді капитан. Сонда Сандыбад өзінің кім екенін айтып, теңізде қалай аман қалғанын түсіндіреді. Әуелде капитан сенбейді, бірақ Сандыбад бұрынғы сапар туралы нақты мәліметтерді айтқан соң, бәрі оны таниды. Капитан оған тауарларын қайтарып береді. Сандыбад оларды сатып, жақсы пайда табады. Кейін патшамен қоштасып, кемеге мініп, Басра арқылы Бағдадқа оралады. Үйіне аман жеткен Сандыбад достарына сыйлықтар таратады. Алғашқы саяхатында көп қиындық көргендіктен, енді ешқашан сапарға шықпаймын деп шешеді. Бірақ кейін ол тағы да жаңа саяхаттарға аттанады.
Мың бір түн, үшінші том.