Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Қыпшақ Сейтқұл
B1 - Орта деңгей · 230 сөз

Қыпшақ Сейтқұл

Аудио плеер
0:00 --:--
Бұрынғы уақытта Қыпшақ Сейтқұл деген кісі Түркістан аймағында өмір сүріпті. Ол елдегі адамдардың кедейлігін көріп, оларды адал еңбекпен қалай байытуға болады деп көп ойланыпты. Сауда жасауға малдары болмапты. Ал барымтамен мал тапса, бір күні дұшпан келіп, олардың малын қайта алып кетуі мүмкін. Сондықтан Сейтқұл өмір сүруге ыңғайлы жер іздепті. Көп жерді аралап, соңында Торғай жеріндегі Қабырға өзенінің бойын ұнатыпты. Жаз келгенде Сейтқұл ауылындағы кедей отбасыларды Түркістан маңынан осында көшіріп әкеліпті. Барымтамен бай болған ағасын да шақырыпты. Дегенмен ағасы інісінің ақылын тыңдамапты. Ол үш-төрт үймен бұрынғы ауылында қалып, ұрлықпен, барымтамен мал табуды жалғастырыпты. Қабырға өзенінің бойына келген Сейтқұл қолына кетпен алып, жерді тегістеп, егін егуге кірісіпті. Сейтқұл өзеннен арық қазып, суды егістікке жеткізіпті. Егін піскен соң, артық астықты жақын маңдағы елге сатып, оның орнына мал алыпты. Кейін егінді жылдан-жылға көбейтіпті. Тіпті, бидай мен тары да егіпті. Сейтқұлдың ауылының жағдайы жақсарғанын көрген басқа кедей ауылдар да оған қосылыпты. Бес-алты жыл ішінде ауыл төрт жүз үйге жетіпті. Сейтқұлдың өзі де, оның халқы да байып, ол елге басшы болыпты. Сейтқұл енді елдің байлығын сақтауды, қорғауды ойлай бастапты. Ол жаудан, ұрыдан сақтану керектігін халықпен кеңесіп, қорған салдырыпты. Малға да, елге де қарауылдар қойыпты. Елдің бірлікпен қорғанғанын көрген сырттағы адамдар оларға тиісе алмапты. Ал Сейтқұлдың ағасы ұрлықпен бай боламын деп жүргенде белгісіз біреудің қолынан қаза тауыпты. Оның қалған мал-мүлкін Түркістан әкімдері алып қойыпты. Мұны естіген Сейтқұл ағасының отбасын көп жыл іздеп тауып, өз қасына көшіріп алыпты.
Ыбырай Алтынсарин. «Қазақ әдебиеті хрестоматия», екінші бөлім. – Алматы, 1944.