Бір күні Тобықтының мықтылары Абайдың үйіне жиналып, мәжіліс құрып отырады. Осы мәжілістің үстіне кенет Қиясбай кіріп келеді. Бірақ төрде отырғандардың ешқайсысы оның келгеніне назар аудармайды.
Қиясбай сәл бөгеліп тұрады да, дауыстап:
– Уа, игі жақсылар, Абай ағама оңаша айтар бір шаруам бар еді. Барлығыңыз сыртқа шыға тұрыңыздар!-дейді.
Оның бұл сөзіне төрде отырғандар таңырқап, тіпті намыстанғандай болып, Абайға қарайды. Абай сабырмен:
– Қиясбайдың менімен оңаша сөйлесетін шаруасы болса, сыртқа шыға тұрыңыздар,-дейді.
Жұрт амалсыздан дүрлігіп сыртқа бет алады. Үйде Абай мен Қиясбай ғана қалады.
– Немене, Қиясжан?-дейді Абай.
Қиясбай:
– Абай аға, маған ұрыса көрме. Жаңағы адамдар мені адам құрлы көрмеді. Соларға күшімді көрсетейін деп, әдейі айтып едім,-дейді.
Абай оның тапқырлығына риза болып, ішегі қатқанша күледі.
– Қияс, ризамын. Тапқырлығың үшін қой берейін. Алып кете аласың ба? – дейді.
Қиясбай қулана жымиып:
– Алып кетпейтін несі бар? Абай ағам қойды өзі әкеліп береді деймісің, айдатып жібереді де,-дейді.
Абай оның сөзінің астарын түсініп, тағы да күледі. Содан соң:
– «Сөз тапқанға қолқа жоқ»,-деп, Қиясбайға он шақты қой айдатып береді.
Дереккөз
Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: «Фолиант», 2013. Т. 96: Ауызекі әңгімелер. – 432 б.