Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Сарыарқаның жаңбыры (2-үзінді)
B2 - Ортадан жоғары · 283 сөз

Сарыарқаның жаңбыры (2-үзінді)

Аудио плеер
0:00 --:--
Ауыл адамдарының көпшілігі ұйқыда еді. Қолына жүген ұстаған әлдекім жалғыз аяқ соқпақпен орманға қарай бет алды. Шағиман шал аттарын ерттеп қойыпты. Таңғы таза ауаның жұпар иісі сарайыңды салқындатып, бойды сергітеді. Тау сұлулығын сөзбен жеткізу қиын. Табиғат өзінің бар інжу-маржанын осы өңірге төккендей. Алыста жер ошақтың отын көсеп, көк түтінді бықсытып сары кемпір отырды. Оның қарапайым тіршілігінің өзі осы көрініске ерекше жарасып тұрды. Аршатының кешінен таңы, таңынан кеші артық секілді. Бұл өлкенің табиғаты адамды еріксіз құмарлық пен ынтызарлыққа жетелейді. Махмұт осының бәрін терең сезінді. Табиғаттың тынысы мен таңғы көрініс оның көңіліне ерекше әсер етті. Күн көкжиектен көтеріле бере, екі жолаушы атқа қонды. Бірі – Алтайдың көпті көрген сұңғыла шалы Шағиман болса, екіншісі – Сарыарқаның енді ғана қанаттанып келе жатқан жасамысы Махмұт еді. Екеуінің өмір жолы екі басқа. Шағиман шалдың ендігі үміті де, көрер таңы да – қазіргі тірлігі. Оның өрісін кеңейтетін көп мүмкіндік жоқ. Өз міндетін адал атқарып, Əбдікерім болысқа шын ниетімен қызмет ету – оның бар мұраты. Шалдың өткені мен болашағы осы тіршілікке көгендеулі. Ал Махмұттың жөні бөлек. Ол көктемде желкілдеп шыққан көк шөптей жас еді. Өткені аяулы, ал ертеңі бұлдыр болғанымен, арайлы үмітке толы. Оның алдында әлі талай жол, талай мүмкіндік бар. Олардың тіршілігі де, талап-талғамы да, ой-арманы да екі түрлі. Бірақ осы айырмашылықтардың ар жағында оларды жақындастыратын ортақ өзек бар. Ол – жалпы қазақ баласына деген ұлы махаббат, адамға деген ыстық ықылас. Олар жамандық атаулыны мансұқ етіп, тұрлауы жоқ дүниеде адамның ең асыл қасиеті – адамгершіліктің ұрығын себуді мақсат тұтады. Сайып келгенде, олардың қолынан бұдан зор ерлік пен бұдан асқан ізгілік күтудің өзі артық болар еді. Қос жолаушының сол сәттегі ойы да бір арнаға тоғысты. Өрелдің өріне келгенде, Махмұттың қылаң қарагері Шағиман шалдың тобылғы торысынан оқ бойы озып, сар желіп кетті.
О.Бөкей.