Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Түлкі мен маймыл
B2 - Ортадан жоғары · 511 сөз

Түлкі мен маймыл

Аудио плеер
0:00 --:--
Бір күні түлкі жол бойымен жортып келе жатып, өліп жатқан балықты көреді. Оны алып жегісі келгенімен, балықтың астында қақпан тұрғанын байқайды. Балықты қақпанға жем ретінде қойған екен. Түлкі балықты алудың амалын іздейді. Құйрығын созып, балықты тартып көргенімен, оны қақпаннан шығара алмайды. Балық ірі болғандықтан, түлкінің күші жетпейді. Амалы таусылып, ашуланған түлкі жолын жалғастыра береді. Біраз жүргеннен кейін алдынан маймыл шығады. Түлкі оны көре сала басын төмен салып, құйрығын бұлғаңдатып, күлімсіреп сәлем береді. Маймыл оның бұл қылығына таңғалып: – Жол болсын, түлкі би! Бұлай ерекше құрмет көрсетуіңіздің себебі неде?-дейді. Түлкі қуанышты хабар айтқандай болып: – Сүйінші беріңіз! Аңдар мен жануарлар патша сайламақ болып жатыр. Олар өзара кеңесіп, менен де ақыл сұрады. Мен оларға: «Маймылдың білімі артық. Ол адамзатқа ұқсайды, сондықтан әділ патша бола алады. Егер менің пікірімді сұрасаңыздар, маймылды патша сайлаңыздар. Ол үлкеннің де, кішінің де жағдайын түсінеді және әділетсіздік жасамайды», -дедім. Түлкі сөзін жалғастырып, арыстанды патша ету қауіпті екенін айтады. Оның күші көп болғандықтан, әлсіз аңдарға зиян келтіруі ықтимал екенін түсіндіреді. – Жиналған аңдар менің сөзімді құптады. «Түлкі бидің айтқаны – дұрыс кеңес»,-деді. Сөйтіп, сізді іздеуге әр жаққа кетіпті. Мен бәрінен бұрын сізді кездестірдім. Сізге құрмет көрсетуімнің мәнісі осы, - дейді түлкі. Бұл сөздерге маймыл қатты қуанып, түлкінің сөзіне сенеді. – Егер халық мені ұнатса, патшалықтан неге қашайын? Қолымнан келгенше әділдікпен іс жүргізермін. Сенің бұл жақсылығыңды ұмытпаймын. Билік қолыма тигенде, айтқан сөзіңді жерде қалдырмаспын. Жүр, баста!-дейді. Түлкі маймылды біраз жерге ертіп барады. Бұрынғы балық пен қақпан тұрған жерге жақындағанда, ол тоқтайды. – Әй, патша! Менің сізден бір өтінішім бар. Қарным қатты ашып тұр. Сіз бір дұға жасаңыз. Мен «Әумин!» десем, Құдай қабыл етіп, бір тамақ табылып қалар,-дейді. Маймыл дұға жасайды. Түлкі алдыңғы екі аяғын көтеріп: – Әумин!-дейді. Дұға аяқталған соң, түлкі маймылды қырдың ар жағымен бастап шығады. Сол жерде қақпанға қойылған балық қайтадан көрінеді. Түлкі қуанып: – Көрдіңіз бе? Сіз дұға жасадыңыз, мен «Әумин!» дедім. Дұғамыз қабыл болды. Дайын тамаққа жолықтық. «Өлмесін деген адамға өлі балық жолығар» деген осы. Міне, жеңіз!-дейді. Маймыл: – Қарның аш екенін айттың ғой. Балықты өзің жей бер. Мен бүгін тамақ жемесем де, қуаныштан тоқпын,-дейді. Ал түлкі әдейі әдепті адамның кейпіне еніп: – Ей, маймыл патшам! Мен алты күн аш жүрсем де, сізден бұрын тамақ жемеймін. Құл мырзасынан бұрын ас ішпейді, би патшасынан бұрын ас жемейді. Мен де әдепті, білімді бидің баласымын. Сондықтан алдымен сіз дәм татуыңыз керек, - дейді. Маймыл түлкінің сөзіне сеніп, қақпанға жақындайды да, аяғын басып қалады. Сол сәтте қақпан сарт етіп жабылып, аяғын қысып алады. Қақпанның қатты серпілуінен балық әрі қарай ұшып кетеді. Түлкі оны қағып алып, жеп қояды. Маймыл қорқып әрі ашуланып: – Ойбай! Мен патшалықтан бас тарттым! Аяғымды осы бәледен құтқар!-деп түлкіні сөге бастайды. Сонда түлкі оған: – Ей, маймыл! Сен мұны ойын ретінде айтып тұрсың ба, әлде шын айтып тұрсың ба? Мен сені арыстаннан да жақсы патша болады деп ойлап едім. Бірақ аяғыңды қақпаннан да қорғай алмадың. Бақтың да түрі көп: біреудің бақыты басына қонады, біреудікі аяғына қонады. Сенің жағдайың осылай болды. Сенен кетпейтін «темір бақ» қонды. Мен сені қақпанға патша қылдым. Қайыр, қош! Аман бол! Патшалығың баянды болсын!-дейді.Сөйтіп, түлкі балықты жеп, өз жолымен кетіп қалады. Ал маймыл қақпанда қалады.
А.Диваев. Тарту (жинақ). – Ташкент: (Қазақ мемлекет баспасы), 1924 ж. – (83б).