Бір күні анасы жаулығының шетіне үш тиынды түйіп, Байжанды Жақыптың үйіндегі молдаға алып барады. Ол жерде бала діни сауатын ашып, сабақ оқуы тиіс еді.
Молданың үйіне келгенде, Байжан он шақты баланың у-шу болып сабақ оқып отырғанын көреді. Үйге кірген сәтте оның бойын қысылу сезімі билейді. Ол кісілердің жүзіне қарауға ұялып, басын төмен түсіреді де, анасының тасасына тығылады. Балалардың назары Байжанға ауған еді.
Молда басын көтеріп: – Жоғары шығыңыз, бәйбіше! – деді.
Байжан молданың сөзіне таңғалады. Ол молданы қарапайым адамдардан өзгеше, өте жоғары дәрежелі адам деп елестететін. Тіпті молда адамның не ойлап тұрғанын біледі деп санайтын.
Таң енді ғана атып келе жатқан. Нұрлы күн көкжиектен көтеріліп, айналаға алғашқы сәулесін шашты. Ауыл тұрғындарының көпшілігі әлі тәтті ұйқыда еді. Алайда ауылдан оқшау тігілген кішкентай қоста он шақты баланың дауысы тыныштықты бұзып жатты.
Балалардың көбі ұйқылы-ояу күйде еді. Олар есінеп, сөздерін шатастырып, бірде қатты, бірде бәсең дауыспен оқитын. Қалғып кеткен баланы молда қамшысымен тартып қалып, шошытып оятатын. Сонда балалардың бәрі бірден шулап кететін. Молда балаларға қатал еді. Байжан бір жапырақ қағаздағы үлкен әріптерді қайталап отырады. Молда оған назар аудармаған кезде, торғайдай шырылдап, дауысын қаттырақ шығаратын. Ал молда анда-санда: – Оқыңдар!- деп бұйырып, өзі есінеп қоятын.
Ұйқысы келіп, сабақтан жалыққан Байжан қасындағы балаға сыбырлап сөйлей бастайды. Мұны байқаған молда оның жағынан тартып жібереді. Байжанның иегі кемсеңдеп, жылап жібергісі келеді. Бірақ молданың қамшыға қол созғанын көрген соң, көз жасын тоқтатып, қағаздағы сөздерді қайталай бастайды.
Біраз уақыттан кейін Байжан ұйқысын ашқысы келіп, қолындағы қағазын бүктеп, қасындағы серігіне ұстатты. Содан соң есіктің алдына барып, қолын қусырып:
– Молдеке, сыртқа шығуға рұқсат па?-деп сұрайды.
Молда оның сөзіне ашуланып: – Жаңа келдің, хайуан, отыр! – дейді.
Байжанның көзіне жас толады. Ол жанындағы өзінен үлкендеу балаларға жалтақтап, ештеңе айта алмай, қайтадан орнына отырады.
Дереккөз
А.Байтұрсынұлы. Алты томдық шығармалар жинағы. 2-том. – Алматы: «Ел-шежіре», 2013. - 384 б.