Біз қостан шықтық. Кеш болды. Айнала қараңғылана бастаған. Жайлаудың кеші салқын әрі өте жағымды болды. Мұнда шыбын-шіркей жоқ. Күндізгі шу басылып, тау тыныштыққа бөленді.
Біз тау жолымен жоғары көтеріліп келеміз. Аттар баяу жүреді. Біз екеу едік. Қасымда менен екі-үш жас үлкен Алтай деген жігіт болды. Ол қой көзді және қара, бұйра шашты еді. Ол таудың ар жағында қой бағады.
Күндіз біз бірге шөп жинағанбыз. Алтай мені үйіне қонуға шақырды. Ол менімен әңгімелескісі келді. Мен Алтайдың әндері мен әңгімелерін қызық көрдім. Сондықтан онымен бірге тауға шықтым.
Біз тау басына жеттік, аспанда ай көрінді. Айдың сәулесі айналаны жарық етті. Қараңғылық тау мен ағаштардың түбіне жиналып қалды.
Аспанда бұлттар жүрді. Алтайдың көгілдір таулары алыстан әдемі көрінеді. Түнде әртүрлі құстар мен жәндіктердің дыбыстары естіледі. Кейде алдымыздан ұлар ұшып шығады. Мұндай кезде аттар шошып кететін. Алтай бір кезде алыстағы отты көрсетіп:
– Анау менің үйімнің оты. Біз өте әдемі жерде тұрамыз. Қарашы! Айлы түн, әдемі көл және алты жүз қойымыз бар, -деді.
Содан кейін асығып, үйіне қарай шапты. Мен де оның артынан ердім.
Алтай киіз үйін көлдің жағасына тігіпті. Көл өте әдемі болып көрінді. Айдың сәулесі түсіп, су жарқырап жатты. Жеңіл жел соққанда, көл бетінде ұсақ толқындар пайда болды.
Оттың қасында біреу жүрді. Біз қойларды үркітіп алмау үшін ақырын жақындадық. Алдымыздан аламойын ит шықты. Мені тістегісі келген сияқты, бірақ иесінен қорқып, тоқтады.