Қазақша мәтін
1955 жылдың көктемі келді. Шыңғыстай ауылы 1 мамыр мерекесін үлкен дайындықпен қарсы алып, енді Жеңіс күніне қамданып жатқан. Әсіресе, Бірінші мамыр ауыл үшін ерекше қуанышты мереке болды. Қолдарына қызыл ту ұстаған колхозшылар, мұғалімдер мен мектеп оқушылары сап түзеп, бүкіл ауылды аралап демонстрацияға шықты. Олардың соңынан ауылдың бала-шағасы да еріп жүрді. Мерекелік шеруге тіпті ауылдың иттеріне дейін ермек тауып, қосылғандай еді. Адамдар Отан, Ұлы Жеңіс және Бірінші мамыр туралы әндер айтты. Шеру аяқталған соң жұрт ағаштан салынған ескі клубтың алдына жиналды. Ашық аспан астында шеру ұйымдастырылып, ауданнан келген өкіл сөз сөйледі. Оның қағазға қарамай сөйлеген сөзін ауыл адамдары ерекше мұқият тыңдады. Бұдан кейін ауыл жастары дайындаған концерт көрсетілді. Сол күнгі мерекеге соғыстан оралған азаматтар да қосылды. Елудегі Солтақан деген азамат Алтайды жаңғыртып ән салды. Оның жіңішке дауысы көк аспан астында ұзақ қалықтап тұрғандай болды. Кешке клубта би басталды. Жастар «Қырықаяқ», «Саратов», «Полька» билерін биледі. Қыздар мен жігіттер ұзақ уақыт көңіл көтеріп, кейін айлы аспанның астында қыдырып, сырласты. Бұл күні әр үйде дастарқан жайылды. Адамдар тамақ ішіп, қолдан ашытылған бал сырадан дәм татты. Кейбіреулер мас болса да, ешкім жанжалдаспады. Керісінше, соғыста бастан кешкендерін еске алып, жауды қалай жеңгендерін, Берлинге дейін қалай барғандарын әңгіме етті. Соғыс туралы айтатын әңгіме ол кезде көп еді. Нұрлан да бұл түні таң атқанша ұйықтамады. Ол әуелі елмен бірге демонстрацияға қатысты, кейін ауданнан келген өкілдің сөзін тыңдады. Концерт көріп, жастардың биін тамашалады. Түнде ауыл жастарының қыдырып жүргенін бақылалы. Таң қылаң бере үйіне әрең жетіп, төсегіне құлады. Анасы оны ұрысып қарсы алғанымен, баласының ер жетіп келе жатқанын ойлады. Үстіне өз шапанын жауып, жан-жағын қымтап, маңдайынан сүйіп: «Азамат болып қалды, құлыным», – деп сүйсіне сыбырлады. Нұрланның балалық шағы соғыстың ауыр жылдарымен сәйкес келді. Сондықтан оның құрдастары сияқты алаңсыз өмір сүруге мүмкіндігі болмады. Қарлы боран мен жоқшылықты көріп өскен қара домалақ балалардың бірі Нұрлан да ерте есейді. Ол дүниенің ащысы мен тұщысын үлкендермен бірге сезінді. Бақытына қарай, Нұрланның әкесі соғыстан аман-есен оралды. Әкесі аман оралғанымен, соғыста алған ескі жарасы әлі де мазалайтын. Кейде бірнеше күн төсектен тұра алмай, түн ішінде қиналып шығатын. Соғыс көріністері түсіне кіргендей, кейде «алға» деп айқайлап, тісін қайрайтын. Әкесінің мұндай күйін көргенде Нұрлан шыдай алмай, үйден сыртқа шығатын. Ол кәрі теректің түбінде отырып, Бұқтырманың сарынын тыңдап, ауыр ойға бататын. Нұрлан үшін бұл терек ерекше қымбат еді. Өзен жағалауды жыл сайын шайып, талай ағашты құлатып кеткен. Енді кезек осы кәрі терекке келгендей көрінетін. Нұрлан оның ең болмаса биыл құламай, тағы біраз уақыт тұра беруін тілейтін. Бұқтырма өзені ауылға қарай жақындаған сайын Нұрланның мазасы қашатын. Өзен Нұрланның көршісі Анна апаның үйіне де жақындап қалған еді. Ол ауылдағы жалғыз орыс еді. Бұл жағдай Нұрланды қатты уайымдататын.