Бұрын Қатынқарағайда Құлаша деген қарт өмір сүрген. Ол жетім өскен. Қартайғанда оның туыстары да, малы да болмаған. Құлаша жетпіс жасында ауылдарды жаяу аралап, адамдардан көмек сұраған. Оның ескі етігі, былғары сөмкесі және таяғы болған. Сөмкесінде пышақ, ине, біз, жіп және шот болған. Ол күн сайын сөмкесін тексерген. Құлаша жалғыз болса да, мұңаймады.
Күздің бір күнінде біз бақшадан картоп жинадық. Оны сақтау үшін жертөлеге салдық. Ол кезде ауылда электр жарығы болмаған. Үйде май шам жағатынбыз. Кешке апам екеуіміз картоп жеп отырдық. Есік ашық еді.
Бір кезде сырттан:
– Ассалау...- деген дауыс естілді.
Апам:
– Балам, шам жақшы. Біреу амандасқан сияқты,- деді.
Мен май шамды жақтым. Апам мені жертөленің қақпағын жабуға жіберді. Жертөлеге қарасам, сақалды бір адам жатыр екен.
– Ойбай, апа! Жертөледе ешкінің басы сияқты бірдеңе жатыр!-деп айқайладым.
Апам шаммен жертөлеге келді. Картоптың үстінде бір қарт адам жатыр екен. Оның көзі ашық еді.
– Құдай-ау, бұл Құлаша ғой! Тірі ме өзі? -деді апам.
Сол кезде Құлаша қозғалып:
– Өлген жоқпын. Мені шығарыңдар. Денем ауырып тұр,-деді.
Апам оны жертөледен шығарып, үйдің төріне отырғызды.
Құлаша біраздан кейін:
– Ассалаумағалейкум!- деп амандасты.
Апам күліп жіберді. Сөйтсек, Құлаша үйге кіріп,
амандаспақ болғанда, ашық тұрған жертөлеге құлап кеткен екен. Біз оны бірден байқамадық.
Бір кезде төргі бөлмеден дауыс естілді. Құлаша апамнан:
– Менен басқа тағы бір адам жертөлеге құлады ма?- деп сұрады.
– Жоқ. Күләми ауырып жатыр. Екі күн болды, -деді апам. Күләми әкемнің қарындасы еді.
– Оны ұшықтау керек,-деді Құлаша.
Апам:
– Сіз жақсы келдіңіз. Сіз Қыдыр адамсыз. Ораза ұстайсыз, намаз оқисыз. Күләмиге дем салыңыз,-деді.