Қазақша мәтін
Баяғыда Қатынқарағай ауданында Құлаша деген қарт өмір сүріпті. Ол ағайын-туысынан ерте айырылып, жетім болған екен. Жетпіс жасында ауылдарды жаяу аралап, адамдардан көмек сұрап күн көрген. Құлашаның былғары сөмкесі мен тобылғыдан жасалған таяғы болған. Сөмкесінде тамақ емес, пышақ, шақша, ине, біз, тарамыс және қаз мойын шот сияқты ескі заттар сақталатын. Ол күн сайын заттарын тексеретін. Жалғыз әрі кедей болса да, тағдырына шағымданбайтын.
Күздің бір күнінде біз бақшадан картоп қазып, жертөлеге жинадық. Кешке апам екеуіміз жаңа піскен картоп жеп отырдық. Ол кезде ауылда электр жарығы жоқ еді. Май шам жаққанбыз.
Үйдің есігі ашық тұрған. Бір кезде сырттан:
– Ассалау... – деген дауыс естілді.
Мен оған мән бермедім. Ал апам:
– Балам, шам жақшы. Біреу амандасқан сияқты,- деді.
Мен май шамды жақтым. Содан кейін апам жертөленің ашық қалған қақпағын жабуды тапсырды. Жертөлеге еңкейіп қарағанымда, картоптың үстінде бір нәрсе жатқанын көріп, қатты қорықтым.
– Ойбай, апа! Жертөледе ешкінің басы сияқты бірдеңе жатыр! Сақалы да бар!- деп айқайладым.
Апам маған сенбей, шамды алып, жертөлеге жақындады. Картоптың үстінде сақалды қарт адам жатыр екен. Оның көзі ашық еді.
– Құдай-ау, бұл Құлаша ғой! Тірі ме өзі?- деді апам.
Сол кезде Құлаша қозғалып:
– Өлген жоқпын. Қолтығымнан ұстап, шығарыңдар. Денем ауырып қалды, - деді.
Апам оны жертөледен шығарып, үйдің төріне отырғызды.
Құлаша біраздан кейін бастаған сәлемін аяқтады:
– Ассалаумағалейкум!
Апам күліп жіберді. Сөйтсек, Құлаша үйге келіп,
амандаспақ болғанда, ашық тұрған жертөлеге құлап кеткен екен. Біз оны бірден байқамағанбыз. Құлашаның қатты жарақаты болмады, бірақ ол өзін ауырған адам сияқты ұстады.
Сол кезде төргі бөлмеден әкемнің қарындасы Күләмидің дауысы естілді. Ол ауырып жатқан еді.
Бір кезде Құлаша апамнан:
– Менен басқа тағы біреу жертөлеге құлап кетті ме?- деп сұрады.
– Жоқ. Күләми екі күннен бері ауырып жатыр, -деді апам.
– Онда оны ұшықтау керек, -деді Құлаша.
Апам қуанып:
– Сіз жақсы келдіңіз. Қыдыр адамсыз ғой. Ораза ұстап, намаз оқисыз. Күләмиге дем салып беріңіз,- деп өтінді.