Анам мен үшін барлығын жасайды. Үйде тамақ болмай қалса да, анам мені аш қалдырмайды. Ол бір жерден тамақ табады. Оны өзі жемей, маған береді.
Анам жас кезінде өте әдемі болған. Ол орта бойлы, қыр мұрынды, қызыл жүзді әйел болыпты. Бірақ кішкентай кезімнен ол көп ауыратын. Үйде ақша да аз еді. Сондықтан оның өмірі қиын болды. Бірақ соған қарамай, күні бойы жұмыс істейтін. Біздің үйдегі адамдардың бәрі анамды құрметтейтін. Ол не айтса, соны орындайтын.
Біздің отбасымыз өте тату болды. Әкем өте жуас адам еді. Ол анама дауыс көтермейтін. Мен бала кезімнен оқуды жақсы көрдім. Бұған анам қатты қуанатын. Мен сабақ оқып отырғанда анам:
– Менің балам өскенде өкіметші болады,- дейтін.
Ол кезде оқыған және ел басқару қызметінде жүрген адамдарды «өкіметші» деп атайтын.
Менің бірнеше арманым болды. Бір арманым – Сағатбай сияқты мұғалім болу. Екінші арманым – дүкенші болу. Бала кезімде мен де басқа балалар сияқты кәмпитті жақсы көретінмін. Бірақ біздің үйде қант пен кәмпит сирек болатын. Дүкенде қант үлкен қаппен тұратын. Сондықтан мен дүкеншіні өте бақытты адам деп ойлайтынмын. Мен дүкенші болсам, өзім қалағанша кәмпит жейтін едім. Қолыма он немесе жиырма тиын түссе, бірден дүкенге жүгіретінмін. Бірақ ақша бізге өте сирек түсетін. Бір күні Сатылған ағайым маған қант алуға бір сом берді. Бұл менің өмірімде бірінші рет қағаз ақша ұстауым еді.
Сол күні ауылға көшпелі дүкен келген. Бірақ мен дүкенге барған кезде, оның арбасы кетіп қалыпты. Біреулер:
– Әне, кетіп барады!- деді.
Арбада қант бар еді. Мен жалаңаяқ жүгіріп, арбаға жеттім.
Қатты ентігіп, сөйлей алмай тұрдым. Бір сомды сатушыға ұсынып: – Қант... қант, -дедім.
Мен дүкенші болуды тағы бір себеппен армандадым. Мен әдемі киінуді жақсы көремін. Анама жаңа киімдер: орамал, мәсі-калош және әдемі барқыт қамзол әперуді ойладым.
Бөпке апама да жаңа жаңа көйлек, кимешек және мәсі-калош әперемін. Мен дүкенші болсам, жақын адамдарыма жақсы киім алып, оларға көмектесемін деп армандадым.