Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Шешем жайлы
B1 - Орта деңгей · 429 сөз

Шешем жайлы

Аудио плеер
0:00 --:--
Анасы бар баланың өмірінде көп нәрсе бар. Мен де өзімді бақытты сезінемін, өйткені менің анам бар. Үйде тамақ та, басқа керек заттар да болмай қалса да, анам мені аш қалдырмайды. Ол бір жерден тамақ тауып әкеледі. Өзі жемей, бар тапқанын маған береді. Анам жас кезінде өте әдемі әйел болған екен. Ол орта бойлы, қыр мұрынды, қызыл жүзді болыпты. Ауру мен жоқшылық оның өмірін қиындатты. Мен ес білгелі ол жиі ауырып, ойбайлап жүретін. Соған қарамастан күні бойы бір нәрсемен айналысып жүретін. Отбасының жағдайын жасауға тырысатын. Біздің үйдегі адамдардың бәрі анамды құрметтейтін. Оның айтқаны әрқашан орындалатын. Біздің отбасымыз өте тату өмір сүрді. Үйде айқай-шуды көп көрген жоқпын. Әкем өте момын адам еді, сондықтан анама дауыс көтермейтін. Кейде анам оған «ынжықсың» деп ұрысатын. Тіпті қатты сөздер айтатын. Бірақ әкем оған ренжіп, қарсы шықпайтын. Мен оқуға өте ынталы болдым. Анам менің жақсы оқығаныма қуанатын. Мен сабақ оқып отырғанда: – Менің балам өскенде өкіметші болады, - деп мені мақтап қоятын. Ол кезде ауыл адамдары оқыған, ел басқару қызметінде жүрген адамдарды «өкіметші» деп атайтын. Менің де арманым көп болды. Бірінші арманым – Сағатбай сияқты мұғалім болу. Екінші арманым – дүкенші болу. Бала кезімде мен де тәттіге қатты қызығатынмын. Бірақ кәмпит пен қант бізге оңайлықпен келмейтін. Дүкенде қант үлкен қаппен тұратын, ал оны сатып алуға ақша бола бермейтін. Сондықтан мен дүкеншіні дүниедегі ең бақытты адам деп ойлайтынмын. Меніңше, дүкенші күні бойы қант пен кәмпиттің арасында жүріп, қалағанынша тәтті жей алатын. Егер мен дүкенші болсам, кәмпитті өзім қалағанша жейтін едім. Қолыма он-жиырма тиын түссе, бірден дүкенге жүгіретінмін. Бірақ ақша бізге өте сирек түсетін. Бір күні Сатылған ағай маған қант сатып алуға бір сом берді. Бұл менің өмірімде бірінші рет қағаз ақша ұстаған кезім еді. Сол кезде ауылға көшпелі дүкен келген болатын. Мен оның ауыл совет кеңсесінің жанында тұрғанын көргенмін. Кейін дүкенге барсам, арба кетіп қалыпты. Біреулер: – Әне, кетіп барады!- деді. Қос ат жеккен арба ауылдан шығып, жолмен зымырап барады. Арбада қант салынған бір қап бар еді. Мен арбаның соңынан жүгірдім. Жалаңаяқ, жалаңбас болсам да, қуып жеттім. Сатушы менің не үшін жүгіріп келгенімді түсінбей, таңғалып қарады. Мен қатты ентігіп, сөйлей алмай тұрдым. Қолымдағы бір сомды ұсынып: – Қант... қант,- дедім. Менің дүкенші болғым келген тағы бір себебі бар еді. Мен жақсы киінгім келді. Ең бастысы, анама жаңа киімдер алып бергім келді. Оған жаңа мәсі-калош, жаңа орамал және әдемі барқыт қамзол әперуді армандадым. Бөпке апама да жаңа киім алып бергім келді. Ол жаңа көйлек, кимешек және мәсі-калош киіп жүрсе екен дедім. Мен дүкенші болсам, жақын адамдарымның бәріне жаңа киім алып беруге тырысар едім. Менің балалық арманым осындай еді: өзіме, анама және басқа жақын адамдарыма да жақсы өмір сыйлау.
Б.Соқпақбаев. https://www.zharar.com/index.php?do=shorttexts&action=item&id=34651.