Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Қарттық туралы толғаныс
B1 - Орта деңгей · 329 сөз

Қарттық туралы толғаныс

Аудио плеер
0:00 --:--
Қарттық келіп, үйден көп шығуға мүмкіндік бермей қойды. Қолым қалтырап, орнымнан тұрғанда тізем дірілдейді. Денемде бұрынғыдай күш жоқ. Соған қарамастан, ойым әлі де анық, көзім қырағы. Адам қартайып, көп уақытын үйде өткізгенде, өткен өмірі туралы көп ойланады екен. Бұрын болған оқиғалардың бәрі есіңе түсіп, көз алдыңнан қайта өтеді. Елдегі, отбасыңдағы, өз өміріңдегі көптеген жағдайларды бұрынғыдан анық көре бастайсың. Өмірдің өзі күрделі. Онда шешуі қиын мәселелер де, түсініксіз жағдайлар да көп. Қарт адам өткен өмірінде дұрыс немесе бұрыс жасаған істерін саралай бастайды. Дененің күші азайған сайын, адамның ойы өткенге қарайды. Кейде болашақты да ойлаймын. Бірақ болашаққа өзімнің жете алмайтынымды түсінемін, сондықтан оны жастардың өмірі деп қабылдаймын. Кейде өмірден көрген-білгенімді жастарға айтқым келеді. Бірақ олар менің сөзімді қажетсіз ақыл деп қабылдауы мүмкін деп ойлаймын. «Қартайған адамның сөзі ғой» деп ішінен күледі деген ой мені тоқтатады. Сондықтан көп жағдайда бар сырымды ішімде сақтаймын. Кейде зерігіп, ойланғым да келмейді. Бірақ ойдан қашу қиын. Біраз уақыт үнсіз отырып, тағы да ойдың ішіне кіріп кетемін. Кейде жастардың қарттарға көзінің қырымен қарайды, күледі. Немере-шөберелердің арасында қарттарды ашық мазақ ететіндер кездеседі. Ондай кезде ренжуге дәрменім жетпейді. Оларды елемеген боламын Оларды іштей кешіріп, «көп жаса» деп тілеймін. Сонда қарт адамның көңілі қаншалықты кең болатынына өзім де таңғаламын. Менің қазіргі тірлігім – ойлау және ой үстінде қалғу. Кейде ұйықтап кетемін. Қалғу – менің тұлпарым, ұйқы – менің желмаям. Ұйқы кезінде түсімде алыс жерлерді аралап жүргендей боламын. Қарттық адамның өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Өмірдің қадірін бұрынғыдан жақсы түсінесің. Сондықтан ешкімді ренжіткім келмейді. Біреудің көңіліне тиіп кетуден қорқамын. Жастарға «қарағым», «шырағым» деп шын көңілмен сөйлеймін. Барлық адамға жақсылық тілеймін. Өзіңнен кішілердің бәрі көзге әртүрлі гүл сияқты көрінеді. Олар бақытты болса, шын жүрегіңмен қуанасың. Ал қиналып жүрсе, сен де бірге қиналғандай боласың. Бұрын қарттықтың адамды осындай мейірімді, ақ ниетті ететінін білмеппін. Қазақта «Бала да бір, қарт та бір» деген сөз бар. Бұл сөздің мәні терең сияқты. Баланың ойы болашаққа қарай ұмтылады. Ал қарт адамның ойы өткен өмірге қарай шапшаң жүреді. Ол өткен жылдарды қайта еске алады. Өз ісіне сырт көзбен қарай бастайды.
Б.Момышұлы https://bilim-all.kz/article/8504-Qarttyq-turaly-tolganys.