Қазақша мәтін
Бірде Шоқан туған ауылында демалып жатқанда әкесі Шыңғыс сұлтанның үйіне Саққұлақ шешен келіп қонады. Шоқан ол кісінің қазақтың шежіре тарихына, шешендік сөздеріне жетік екеніне сырттай қанық екен. Сондай адамның өз үйіне келгеніне ол қуанып қалады. Шешенмен әңгімелесіп отырып, Шоқан сөздің ретінде:
–Ақсақал, адам өмірде қандай болу керек? - деп сұрайды.
– Меніңше, адам өзін тым биік қойса, тасады, тым төмен болса, оны әркім басынады. Ал орта жолды ұстанса, адамның ғұмыры ұзақ болады. Адамға ақыл – аздырмайтын тон, білім – таусылмайтын кен. Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолғыншысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез. Осыларды бойына жинаған адам өзін дұрыс ұстай алады,-дейді Саққұлақ.
Шешеннің жүйріктігіне сүйсінген Шоқан тағы да:
– Біреу жолдан адасса, кімнен жөн сұрайды? –деп сұрайды.
– Біреу жолдан адасса, көне көзден сұрайды,
– Ал көне көз адасса, кімнен сұрайды?
–Көне көз адасса, көргендіден сұрайды.
-Көп көрген адам адасса, кімнен сұрайды?
–Көп көрген адасса, көп оқығаннан сұрайды.
–Көп оқыған адасса, кімнен сұрайды?
–Көп оқыған адам көзі шықпай, неге адассын, қалқам, Шоқан. Біліп туған бала екенсің, туысыңнан дана екенсің, тақтың үстінде ағар, - деп ризашылықпен қарапты жас ғалымға.
–Ойлы да мағыналы сөздеріңізге көп рахмет. Айтқаныңыздың бәрі орынды. «Тақ» деген бір сөзіңіз ғана артықтау айтылды-ау деймін, -деп күлімсіреді Шоқан. Сонда Саққұлақ шешен:
–Қазақ «тақ» деп мынаны да айтпай ма? - деп Шоқан отырған еменнен жасалған орындықтықты көз қиығымен нұсқапты.