Бір жылы ауданның бірінші басшысы аудан белсенділерін ауылдарға уәкіл етіп жіберді. Олардың міндеті – мал төлдету науқанын дұрыс ұйымдастыруға көмектесу еді. Қапаз да осындай тапсырмамен бір ауылға аттанды.
Екі-үш күннен кейін аудан басшысы ауылдың жұмысын тексеруге өзі келді. Ол жайлауда жұмысты ұйымдастырып жүрген ауыл директоры және Қапазбен кездеседі. Үшеуі бірге жұмыс барысын аралады. Ауылдағы жұмыстың жақсы ұйымдастырылғанына басшы риза болды. Бірақ олардың жолында бір отардың ішінде өліп жатқан төрт-бес қой кездесті.
Жағдайды анықтағанда, қойлардың жемді шамадан тыс жеп қойғаны белгілі болды. Жемді бақылап бермегендіктен, қойлар өліп қалған.
Басшы бұл жағдайға қатты ренжіп, ауыл директорына және ферма меңгерушісіне ескерту жасады. Ауыл басшылары өз қателіктерін мойындап, оны түзетуге уәде берді.
Біраз уақыттан кейін басшының ашуы басылып, ол ақыл айта бастады:
– Ойламайсыңдар ғой,- деді ол.
Сол кезде Қапаз бұл сөзге шыдамай:
– Пәленшеке, бұларға «ойламайсыңдар» деп кейімеңіз. «Айтқанды орындамадыңдар» деп кейіңіз. Ойлайтын бізде бір-ақ орган бар, ол – бірінші басшы. Әрқайсымыз әр жерде өзіміз ойлай берсек, жұмыс бола ма? Одан да бәріміз бірігіп, жұмысты тындырайық, -деді.
Басшы Қапаздың сөзін бірден түсінді. Ол ақылды, сөзге тоқтайтын адам еді. Өзінің ақыл айта бергені артық екенін сезіп, үндемей қалған екен.