Ертеде Қожа Насыр елдің алдына шығып:
- Мен қазір cендерге не айтамын, білесіңдер ме? - деп сұрапты.
Адамдар:
- Жоқ, білмейміз, - деп жауап беріпті.
Сонда Қожа Насыр:
- Сендер білмесеңдер, мен не айтамын? - деп кетіп қалыпты.
Адамдар таңғалып: - Бұл жауап дұрыс болмады. Осы сұрақты Қожа Насыр қайта сұраса, «Білеміз» деп жауап берейік, - деп келісіпті.
Бір күні Қожа Насыр елдің алдына қайта шығып:
- Мен қазір cендерге не айтамын, білесіңдер ме? - деп сұрапты.
Адамдар:
- Иә, білеміз! - деп жауап беріпті.
Сонда Қожа Насыр:
- Өздерің білсеңдер, онда мен не үшін сөйлеймін? - деп кетіп қалыпты.
Қожа Насыр елдің алдына үшінші рет шығып, сол сұрақты қайта қойыпты. Сонда халық:
- Білетініміз де бар, білмейтініміз де бар, - деп жауап беріпті.
Ал Қожа Насыр :
- Білетін адамдар білмейтін адамдарға үйретсін, ал білмейтін адамдар білетін адамдардан үйренсін, - деп кетіп қалыпты.
Дереккөз
А. Байтұрсынұлы. «А. Байтұрсынұлы шығармалары. Бірінші том». – Алматы: Ел-шежіре, 2013.