Ертеректе Қожа Насыр жиналған халықтың алдына шығып:
- Халқым, менің қазір не туралы айтатынымды білесіңдер ме? - деп сұрайды.
Халық: - Жоқ, білмейміз, - деп жауап береді.
Сонда Қожа Насыр: - Білмесеңдер, білмейтін нәрселерің туралы мен қалай сөйлеймін? - дейді де кетіп қалады.
Жиналған халық өздерінің жауабы дұрыс болмағанын түсінеді. Олар Қожа Насыр тағы да осылай сұраса, «Білеміз» деп жауап берейік деп келіседі.
Екінші рет Қожа Насыр елдің алдына шығып:
- Менің не туралы айтатынымды білесіңдер ме? - деп сұрайды.
Жиналыған елдің бәрі: - Білеміз! - деп жауап береді.
Қожа Насыр: - Өздерің білсеңдер, білетіндеріңді неменеге қайта айтамын? - дейді де, тағы да кетіп қалады.
Халық бұл жауаптың да дұрыс болмағанын түсініп, қайтадан ақылдасады. Сөйтіп келесіде “Білетініміз де бар, білмейтініміз де бар” деген жауапты айтайық деп шешеді.
Сонымен Қожа Насыр үшінші рет бұрынғы сұрағын қойғанда, халық:
- Білетініміз де бар, білмейтініміз де бар, - деп жауап береді.
Сонда Қожа Насыр:
- Олай болса, білетіндерің білмейтіндеріңе үйретсін, ал білмейтіндерің білетіндеріңнен үйренсін, - дейді де кетіп қалады.
Дереккөз
А. Байтұрсынұлы. «А. Байтұрсынұлы шығармалары. Бірінші том». – Алматы: Ел-шежіре, 2013.