Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Адаптацияланған мәтіндерге оралу
Қыз жұмбағы
B2 - Ортадан жоғары · 165 сөз

Қыз жұмбағы

Аудио плеер
0:00 --:--
Баяғы заманда тоқсан жасқа келген бір хан өз еліндегі аса сұлу жас қызды ұнатып, оған үйленгісі келеді. Өз жаушыларын қызға құда түсуге жібереді. Қыздың әке-шешесі ханнан түскен хабарды естіп, не деп жауап берерін білмей қалады. Сонда қыз жаушыларға мынадай жұмбақ айтып жібереді: «Менің құным – он қозы, жиырма бөрі, отыз нар, қырық ардагер, елу айғыр, алпыс азбан, жетпіс ноқта, сексен шідер, тоқсан дорба». Құда түсуге барғандар қыздың жұмбағын ханға жеткізеді. Дегенмен хан да, оның нөкерлері де жұмбақтың шешуін таба алмайды. Содан елдегі бір шешен ғана бұл жұмбақтың жауабын табады. “Қыздың жұмбағында жасырылған сандар адамның өмір жолын бейнелейді. Он жаста адам секірген қозы секілді болады. Жиырма жаста қасқырдай күшті болады. Отыз жаста адамның ақылы толысып, қырықта елге қадірі артады. Елу жаста айғыр секілді күшті болғанымен, алпыстан кейін адамның қуаты кеми бастайды. Жетпісте ноқталы мал секілді шектеулі болады, сексенде шідерлі ат сияқты жүруі де, тұруы да қиындайды. Ал тоқсанға келгенде адам қу сүйекке айналады. Жұмбақтың шешуін естіген хан өзінің жастық шағының өткенін, енді кәріліктің жеңгенін мойындағандай болады.
Есқали Нұрғалиұлы.