Қазақша мәтін
Бала кезінен бірге өсіп есейген екі дос егіншілікпен күн көріпті. Бірі ертерек үйленіп, бес ұл тәрбиелепті. Ұлдары ересек болғандықтан егістік жұмысында оған көп көмек беріпті. Екіншісі кеш үйленген, балалары әлі жас болған соң, үй ішіндегі де, сырттағы да шаруаны зайыбы екеуі жасапты.
Бір жылы егіннен жақсы өнім алмапты. Бұрын өнім мол шыққанда «қырманды қандау» дәстүрін жасап, мал сойыпты. Балалары бұл жолы да солай істей ме деп сұрағанда, әкесі өнімнің аздығын айтып, мал соймай-ақ жинауды бұйырыпты.
Осыны естіген досы түнгі уақытта келіп, оның киіз үйін белдеуінен ұстап, айналдырып қойыпты. Үй иесі түн ортасында сыртқа шығайын десе, үйренген жерден есік табылмапты. Қараңғыда керегені сипалап әбден шаршаған соң, әйелін оятыпты. Әйеліне шам жаққызыпты. Сөйтсе, есік төр жаққа, төр есік жаққа ауысып кетіпті. Не болғанын түсінбеген ерлі-зайыптылар көршілеріне айтыпты. Көршілері киіз үйдің маңынан өткен пері осылай жасайды дегенді естігендерін айтып, аман қалғандарына шүкір етіп, садақа беруге кеңес беріпті.
Үй иесінің жалғыз атынан басқа малы жоқ, соған қарамастан ол атын садақаға союды шешіпті. Ауыл адамдары жиналып, атты жығып, пышақты қолға алған сәтте әйелі жануардың басын құшақтап жылапты. Қажетіне жараған жалғыз көлігін ойлаған күйеуі де жылай бастапты. Мұны көрген досы шыдай алмай, киіз үйді өзі бұрып қойғанын мойындапты. Қырманды қандау дәстүрін жасамаған соң әзілдегісі келгенін айтыпты. Алайда қорқыныш пен өкпе араласқан үй иесі пышақты лақтырып жіберіп, досына енді өлсе де көрмейтінін айтыпты. Жұрт мұны қалжың деп кешіруге шақырса да, ол ойынан қайтпапты.
Арада айлар мен жылдар өтіпті. Екі дос бірін-бірі сағынғанымен, мүлде кездеспей жүріпті. Соңында әзілқой досы достықты қалпына келтірудің тағы бір амалын ойластырыпты. Әйеліне үйдің бір жағын қоршатып, өзін ақ матамен жауып жатқызады да, «күйеуім қайтыс болды» деген хабарды досына жіберуді тапсырыпты. Әйелі айтқанын орындапты. Хабарды естіген ескі досы отбасымен келіп, өтірік өлген адам секілді жатқан досын құшақтап, кешірім сұрап жылапты. Сол кезде әзілкеш құрдасы : «Өлсем де келмеймін дегенің қайда? Енді келіп, қатты жылап отырсың ғой!» - депті. Алдымен абдырап қалған досы оның тірі екенін көріп қуанып кетіп, екеуі қайта құшақтасады. Содан кейін татуласып, достықтарын ары қарай жалғастырыпты.