Қонақтар кеткен соң жаңалап шай жасап, өзіміз дастарқан басына отырдық. Байқасам, атамның қабағы шытыңқы. Бір кезде мен жаққа қарап:
-Дастарқаның толымды, асың дәмді болды, әсіресе әсіп пен сүт құйылған өкпе қонақтарға қатты ұнады. Дегенмен осының бәрін төрт қателігің жуып кетті, - деді. Мен мұны естігенде, қатты ұялып қалдым.
Атам сөзін ары қарай жалғастырды:
-Бірінші қателігің – қазақтың әйелі қонақтарға қойдың басын алып кірмейді. Жаман болсын, жақсы болсын күйеуің бар.
Екінші қателігің – қойдың басын дұрыс қоймадың. Қойдың басын қонаққа ұсынғанда тұмсығын алға қаратып беруің керек.
Үшінші қателігің – қойдың тісін қақпай әкелдің. Мұның бірінші мәні – тазалық. Қой шөп пен жем жейтін мал болғандықтан, оның тісінің арасында не бар екенін ешкім білмейді. Екінші мәні – қазір ұмытылып бара жатқан дәстүрде. Қазақ халқы көптеген нәрсені сөзбен ғана емес, астарлы, түрлі дәстүрлер арқылы білдірген. Сыйласқан екі адамның біреуі екіншісіне ренжісе, бірақ «сөз көбейеді» деп оны ашық айта алмаса, сол адам үйіне келгенде етпен бірге алдына тісі қағылмаған басты қоюы мүмкін. Мұны көргенде қонақ адам «бұл кісі маған ренжулі екен» деп түсінген. Содан кейін олар реніштің себебін бір-біріне айтып, түсінісуге жол іздеген.
Төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелдің. Бұл да “жолың ашық болсын» деген тілекпен байланысы бар дәстүр, - деп әңгімесін бітірді.