1990 жылы Көкшетауда Наурыз мерекесі өтті. Мені сол тойға арнайы шақырып, сахнада өлең айттым. Мерекені ұйымдастыруға қатысқан Мұрат Ыдырысов ағамыз маған өзінің жаңа домбырасын ұстатты. Қызыл түсті бұл музыкалық аспаптың даусын ерекше ұнаттым. Өлеңімнің соң жағында Мұрат ағаға әзілдеп, осындай жақсы домбыраны Наурыз мерекесіне сыйлыққа берсе деген ойымды жеткіздім. Жиналған халық күліп, қол соқты. Мұрат аға да көңілденіп, сахнаға шықты да, домбырасын маған сыйлады.
Бұл аспаппен қанша айтысқа қатыстым. Ағыбай батырдың 190 жылдығына арналған айтыста бас жүлдеге ақ боз ат алдым. Әдетте мұндайда атты ұстап қана тұратынмын. Бірақ бұл жолы көрермендер мені атқа мінгізді. Үстімде шапан, басымда қалпақ, қолымда домбыра бар еді. Атқа міну үшін домбыраны қайда қоярымды білмей тұрғанымда, бір бала оны ұстап тұруды ұсынды. Көпшілік алдындағы қуанышты сәтте танымайтын балаға сеніп, домбырамды бере салдым.
Атқа мінген соң халық тағы өлең айтуды өтінді. Мен домбырамды сұрадым. Сөйтсем, бағанағы бала да, домбыра да жоқ. Адамдар жан-жақтан іздегенімен, таба алмады. Мен үшін қымбат аспаптың ұрланғанына қатты қиналдым.
Біраз уақыт ұнайтын домбыра таппадым. Кейін Алматыдағы айтыста «Алматы ақшамы» газетінің редакторы Ерғали Сағатов маған тағы бір ақ домбыра сыйлады. Оның даусы да тамаша еді. Айтысты қойғанша, сол аспапты пайдаландым. Қазір ол үйімде сақтаулы тұр.