Дәуіт патша өз ұлы Сүлейменді әрдайым қасынан шығармай тәрбиелепті. Әкесінің ерекше тәрбиесін көрген Сүлеймен байыпты әрі әділдікті жақсы көретін бала болып өсіпті.
Бір күні патшаға егінші мен қойшы үлкен шағым айтып келіпті. Егінші бір жыл бойы өз бақшасында еңбектеніп, егінін жақсы өсіргенін, енді орып алуға дайын отырғанында көршісінің қойлары егінді басып, оның бір жылдық еңбегін жоқ қылғанын айтыпты. Егінші осы егіннен алған өнімді сатып, бала-шағасының қажетін аламын деп ойлағандықтан, бұл оған үлкен қиындықтар әкелгенін түсіндіріпті. Алайда қойшы өз кінәсін мойындағысы келмепті.
Бұған ашуланған Дәуіт патша қойларды егіншіге беруді бұйырады. Сол кезде патшаның қасында ойнап отырған Сүлеймен әкесінің шешімін сәл жұмсартуды сұрайды. Ол жазалаудың орнына, екі адамның да бір-бірінің еңбегін түсінуіне мүмкіндік беретін шешім ұсынады.
Сүлеймен: “Егінші қойлардың санын кемітпей, оларды бір жыл бойы бағып, сүтін, жүнін және етін өз қажетіне жаратсын. Ал малшы егінді дәл бұрынғыдай өсіріп, егіншіге қайтаруға тиіс. Сонда егінші мал бағудың қиындығын, ал малшы егін өсірудің қаншалықты еңбек талап ететінін түсінеді. Бір-бірінің еңбегін бағалаған соң, олар келешекте бір-біріне қиындық тудырмайтын болады”, - депті.
Дәуіт патша баласының шешіміне риза болып, шағымданып келген егінші мен қойшы да оның шешімін дұрыс деп қабылдап, алғыстарын айтып кетіпті.
Дереккөз
М. Базарбайқызы. «Базарлық: ертегілер мен аңыздар», 90-б.