... – Кеттік! – Асқар менің шынтағымнан ұстап, дүкеннен әрі, үйге қарай сүйрей жөнелді.
Үйге жеткенше Асқар телефоннан "ең оңай құлпынай тосабының" рецептін тауып, өзінше аспаз болып алды. Бақшаға кіріп, жаңа піскен құлпынайды тере бастадық. Асқар әр жидекті аузына салып, "мынау тәтті екен", "анау қышқылдау" деп сынақтан өткізіп жүр. Ұзақ жүрдік, өйткені жинағанымыздың тең жартысы Асқардың қарнына кетті.
Ақыры жарты шелектей құлпынай жинап алдық.
Алдымен құлпынайға қант қосып, бірер сағат күту керек екен. Алайда Ақтотының көзі мөлдіреп, соңымыздан еріп жүр. «Тосап, тосап» деп бой бермейді. Пісіре берейік деп шештік.
Асүйге кірдік. Кірген бетте құлпынай толы легенді түсіріп ала жаздадым. Құлпынайды жуғанда су шашырап, мысығым Мамық үрейленіп далаға қашты. Қантты өлшеудің орнына көз мөлшермен салдым, тұз да қосып жібердім. Тұзсыз ас бола ма?
Асқар газ плитасын жағып, легенді отқа қойды.
– Енді араластыр! – деді ол маңғаздана.
Көпіршіген тосапты араластырып тұрмын. Асқар болса нан кесіп, шай демдеп жатыр. Кішкентай Ақтоты асүйдің есігінен басын сұғып: "Тосап дайын ба?" – деп маза бермейді. Бір уақытта Асқар тосаптың дәмін көрейін деп, қасықпен алып аузына салды да, әбіржіген кейіп танытты.
– Дәмі біртүрлі екен... – деп күмілжіді.
Екеуіміз қасықты кезек-кезек аузымызға апарып, ақыры бір-бірімізге қарап күліп жібердік. Мен қанттың орнына тұзды көбірек салып қойыппын. Араластырамыз деп, тосаптың түбін күйдіріп алыппыз. Енді үсті тәтті, асты күйік, ащы-тұщы бір "ғажайып" қоспа шықты. Қарасам, Асқар екеуміздің бет-аузымыз күйе болып, алжапқыштың орнына ескі футболканы байлап алған екенбіз. Ақтоты жүгіріп келіп, бізге қарап күле берді, күле берді.
Көңіліміз көтеріліп, жетісіп тұрмыз. Дәл сол сәтте сырттан анамның дауысы естілді...