Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Мәтіндер тізіміне оралу
Құлпынай тосабы. Төртінші бөлім
B2 - Ортадан жоғары · 249 сөз

Құлпынай тосабы. Төртінші бөлім

Аудио плеер
0:00 --:--
Менің атым Гүлім. Биыл оныншы сынып бітірдім. Екі пәннен бес алдым: дене шынықтыру мен сызу. Анам бағаларымды бір шолып шықты да, шеткей жақта қыстырылып тұрған екі «бесті» көріп, ауыр күрсінді. - ҰБТ тапсыруға дайындалайын, - дедім оның көңілін ауламақшы болып. – Жаз бойы тесттерден бас көтермеймін, анашым, уәде беремін. - Сенің бас көтермегеніңнің жемісін көріп тұрмыз. Жаздық мектепке барасың. Ақшасын төлеп қоямын. Бірнеше апта Талдықорғанда жеңгеңнің үйінде тұрасың. Жеңгемнің бес баласы, екі иті, жымиған жүзі мен кең пейілі бар. Десе де оның үйіне мен түгілі бас бармағым сыймас. Анама осыны айтпақшы болып едім, сөзімді тыңдамай, асүйді жууға кірісіп кетті: ашуланғанда істейтін сүйікті ісі. Үйіміз тап-тұйнақтай. Анам жиі ашуланады ғой. Көбіне ашуының себебі – менмін. Сіңлім маған тартпаған. Сабақты беске оқиды. Терезеден сыртқа көз тастап, аңқиып отырмайды. Менің бес алғым-ақ келеді, бірақ, мысалы, алгебраның ережелерін жаттай бастасам, бірден басым ауырып, көзім қарауытып кетеді. Алгебраны ойлап тапқан адам оныншы сынып оқушыларын қатты жек көрген болса керек. Тосап оқиғасынан кейін анам бетімді жуғызып, жолдорбамды дайындап, сөмкеме кітаптарымды салып берді. Қолыма біраз ақша ұстатып, бетімнен сүйіп, таксиге отырғызды. - Е, - деді таксист аға. – Бала қарауға барасың ба қалаға? - Жоқ, сабақ оқимын. - Е-е. Демек, бала қарауға. Таксист Серік ағаның аузын бір ашса, жаппайтын әдеті бар еді. Жол бойы өз өмірі, балалары, әйелі, ауласындағы иті, таудағы малы, келесі жылы арзандайтын бензин мен осы жылы қымбаттап кеткен қияр-қызанақ туралы әңгіме соқты. Көліктің сырғыған дыбысы мен Серік ағаның дабырлаған дауысын тыңдап, ұйықтап кетіппін. Талдықорғанға келген кезде бір-ақ ояндым. Жеңгемнің үйінің ауласында тұр екенбіз.