Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Мәтіндер тізіміне оралу
Құлпынай тосабы. Жетінші бөлім
B2 - Ортадан жоғары · 183 сөз

Құлпынай тосабы. Жетінші бөлім

Аудио плеер
0:00 --:--
Талдықорған алып қала емес. Орталығында ескерткіші, кіреберісінде «Жетісу» символы, қиыр-қиыр көшелері, «Оңай» картасын қабылдайтын автобустары, салқын әрі таза ауасы бар. - Осында тұра берсеңші, - деді бір күні жеңгем. Жаздық мектептен қайтып келіп, жаңа досым Сабинамен хабарлама жазысып отырғанмын. Жеңгеме бір қарап қойдым. - Алматыға оқуға түсетін шығармын. Жеңгем картоп тазалап отыр, жанында Нұргүл. Екеуі бір-біріне қарап, жымиды. - Алматының несін ұнатасыңдар осы. Студенттің бәрі сол жаққа ағылып жатады. Одан да тынышынан Жетісу университетіне түсіп, мұғалім болып ал. Сосын осы жақтағы бір мектепке орналасарсың. Мұғалім болу туралы ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Әлде солай істесем бе екен? Жеңгемнің жанында тұрып, бала қарармын. Тіпті ауладағы мұрнын көкке шүйірген мысық та маған бауыр басып кетер... - Ойланып көру керек, - дедім. – Әзірге тесттерден сексен-тоқсан жинап жүрмін. Грантқа түсу қиын болар. Жеңгем бұған үн қатпады, сондықтан мен өз бөлмеме кеттім де, Сабинамен кешке дейін сөйлестім. Ол сыныптың алдыңғы қатарлы оқушыларының бірі. Тап ауылдағы досым Айгүл сияқты, Асқар сияқты. Кенеттен аулаға қарап, ауылдағы үйімді, анамды, сіңлімді, тосап пісірген күнімізді, ескі мектебім мен тыныш, еш қозғалыссыз, маужыраған өмірімді сағынып кеттім. Асқардан хабарлама келіпті. «Талдықорғанға келдім. Кездесейік».