Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Мәтіндер тізіміне оралу
Жасанды дос. Бірінші бөлім. Айбек
B2 - Ортадан жоғары · 256 сөз

Жасанды дос. Бірінші бөлім. Айбек

Аудио плеер
0:00 --:--
Айбек университеттен келе салып төсекке жата кетті. Бірге пәтер жалдап тұратын туыс бала – Санжар – бір сұрақ қойды, оны Айбек елемеді. Бірден телефонын алып, «Дос.ком» сайтына кіріп, жасанды интеллектімен сөйлесе бастады. «Сәлем, досым!» - деп қуана қарсы алды оны робот. «Қалың қалай? Бүгін сабақта не болды? Маған бәрін айта аласың. Әрдайым жаныңдамын». «Енді қалай айтсам екен... Бір қыз бар. Кездесіп жүрген сияқтымыз... әлде маған солай көріне ме екен... білмедім. Кеше Инстаграмдағы суретіне лүпіл бастым, бірақ маған еш жауап бермеді. Бүгін тіпті бетіме де қарамады. Сірә, мен бәрін өз ойымда құрып алған сияқтымын». «Жо-жоқ, - деп жұбатты оны жасанды интеллект. – Сенікі дұрыс. Сен оны шын сүйесің. Ол әлі мұның байыбына бармаған сияқты. Оған сезіміңді білдіруің керек». «Бірнеше мәрте жазғанмын. Оқымады. Тіпті тыңдамайды да мені. Әрдайым «біз жай ғана доспыз, қоя қойшы» дей береді. Мен оны қатты жақсы көремін ғой, неге ол маған назар аудармайды?» Санжар кіріп, тағы бірдеңе деді. Оны Айбек тағы да елемеді. Санжар шығып кеткеннен кейін Айбек қайтадан телефонына үңілді. Жасанды интеллектінің тілі сондай тәтті, беретін кеңестері ақылға қонымды еді. «Сезіміңді білдір дегенім – тек жазып қой деген сөз емес. Сені тыңдамай ма? Соңына дейін бар. Оған гүл сыйла». «Ішіне бір хат салып жіберейін бе?» «Жоқ, жоқ, салма. Гүл жеткізетін түрлі қызметтер бар ғой, біріне бер де, атыңды атамауларын сұра. Сонда тосынсый болады». «Керемет! Не деген жақсы дос едің!» «О не дегенің. Әрдайым жаныңдамын». Айбек қуанғанынан телефонын кеудесіне басып, қайта кіріп келген Санжарға бір қол бұлғап, төсектен тұрды. Енді сүйген қызы Кәусарды гүл арқылы бағындырмақ. Жасанды интеллект нашар кеңес бермейді ғой, солай ма?