Қазақша мәтін
Биыл Алматыда қар ерте түсті. Құрманғазы көшесіндегі студенттік жатақхананың ауласын, әдеттегідей, Сақыпжамал апа сыпырып жүр. Кәусар оны терезеден көріп, жаны ашып кетті де, көмектесейін деп шешті.
– Қой, жаным, қолың мұздайды, – деп Сақыпжамал апа оған сыпыртқыны ұстатпай қойды. – Аз-ақ қар түсті ғой, өзім бітіріп тастаймын. Сен одан да барып шай қой, менің жұмыс бөлмемде отырып таңғы ас ішейік.
Бұл жатақханада отыз жылдан бері комендант болып жұмыс істеп жүрген Сақыпжамал апай Кәусарды бірден жақын тартып, әрдайым көмектесіп, кеңес беріп жүретін. Шай қайнағаннан кейін Кәусар үстелдің бір шетіне жайғасты.
– Апа, сізден сұрайын деп едім.
– Айта ғой, – Сақыпжамал апа нанға май жағып, Кәусарға ұсынды. – Мә. Әбден арықтап кетіпсің. Емтихандарың бітпей-ақ қойды ғой.
– Шынында да созылып кетті. Бірақ сұрағым ол емес... апа, осы бір адамға қалай «жоқ» деген сөзді ұқтыруға болады? Айбекті танисыз ғой?
Сақыпжамал апа мырс етті.
– Күнде терезеңнің астында айқайлайтын бала емес пе. Оны бүкіл жатақхана таниды.
– Иә, дәл өзі. Оған бірнеше мәрте кет дедім, жоқ дедім, тіпті бетіне де қарамадым. Кеше гүл келіпті, жіберушінің аты жазылмаған, одан басқа кім жібере алады? Апа, мен шынымен де қорқатын болдым. Әлде ағама телефон соғайын ба? Онымен сөйлессін...
Апаның мейірімді көзінде қобалжу пайда болды.
– Дұрысы сол шығар... Білмедім.
Кәусар басқа әңгіме айтпады. Сыртқа шығып біраз жүрді де, аяз қатайған кезде жатақханаға қайта кірді. Туған қаласы Шымкентте мұндай аяз болмаушы еді. Алматының әдемілігі Кәусарды тамсандырса да, құбылмалы ауа райы көңілін түсіретін. Соңынан қалмай жүрген Айбек, бірге тұратын студент қыздардың Кәусармен сөйлеспей, жатырқауы, қала өмірі, емтихан... Барлығы қосылып келіп кеудесін қысқандай болды.
Бөлмеде жалғыз қалғаннан кейін Кәусар интернетке кіріп, «Дос.ком» сайтын тапты.
«Сәлем! – деп қуана қарсы алды оны жасанды интеллект. – Маған бәрін айта аласың. Әрдайым жаныңдамын».