Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Мәтіндер тізіміне оралу
Пойыздағы 24 сағат: Марктың Қазақстандағы сапары
B2 - Ортадан жоғары · 823 сөз

Пойыздағы 24 сағат: Марктың Қазақстандағы сапары

Аудио плеер
0:00 --:--
Марк Қазақстанға алғаш рет келді. Ол Алматыда үш күн болып, енді пойызбен Астанаға бармақшы. Бұған дейін Қазақстан туралы интернеттен көп оқыған. Кең дала, биік таулар, жылқылар, үлкен қалалар туралы бәрін көргендей болды. Бірақ ол Қазақстанды шын түсіну үшін елді пойызбен аралап көру керек деп шешті. Кешкі уақытта Марк Алматыдағы 2-ші теміржол вокзалына келді. Қолында кішкентай чемоданы, мойнында камерасы бар. Пойызға отырған кезде оның сапарының қалай өтетінін өзі де білмеді. Марк өз орнына отырып, терезеге қарады. Қала әлі де қозғалыста еді. Вокзалда адамдар асығып жүр, біреулер жақындарын шығарып салып жатыр, енді біреулер пойызға үлгеруге тырысып жатты. Пойыз қозғалған кезде Марк терезеден Алматының жарықтарын ұзақ қарап отырды. Біраз уақыттан кейін қала артта қалды. Терезенің ар жағында қараңғы дала басталды. «Ертең таңертең мен әлі де осы елдің ішінде боламын ба?» деп ойлады Марк. Ол Қазақстанның көлемін картадан көрген еді. Бірақ оны пойыздың ішінде отырып сезіну мүлде басқа екен. Марктың қарсысындағы орынға жасы үлкен қазақ ер адам отырды. Вагондағы алғашқы таныстық сұрақпен басталды. Аз уақыттан кейін ол Маркпен амандасып, қайдан келгенін сұрады. – Франциядан келдім, – деді Марк. – Қазақстанға бірінші рет келуіңіз бе? – Иә. Бірінші рет. – Ендеше, Қазақстанды пойызбен көріп жатыр екенсіз ғой! Екеуі күліп алды. Көп ұзамай ер адам шай шығарып, Маркке де ұсынды. – Алыңыз, шай ішіңіз. Марк бастапқыда ыңғайсызданды. – Рақмет. Бұл сіздің шайыңыз ғой. – Ештеңе етпейді. Жол ұзақ қой. Шайды бірге ішсең, дәмдірек болады. Марк шайды алды. Осы қарапайым сәт оған қазақтардың қонақжайлығы туралы бұрын оқығандарын еске түсірді. Бірақ кітаптан оқу бір бөлек, оны өз басыңнан өткізу мүлде басқа екен. Рельстегі ұзақ әңгіме адамды өзіне баурап алады екен. Шай үстінде олар ұзақ сөйлесті. Марк Қазақстандағы өмір туралы сұрады. Ал оның жаңа танысы Франция туралы сұрады. – Сіз Қазақстанның қай жерлеріне бардыңыз? – деп сұрады ол. – Алматыға ғана. – Онда сіз Қазақстанның кішкентай ғана бөлігін көрдіңіз. Біздің ел өте үлкен. Марк күлді. – Оны қазір түсініп келе жатырмын. Терезенің сыртында қараңғы дала созылып жатты. Пойыздың дөңгелектері тық-тық, тық-тық... деп бірқалыпты дыбыс шығарып тұрды. Бір кезде Марк сағатына қарады. Екі сағат бұрын ғана пойызға отырған сияқты еді. Ал қазір түн ортасы болып қалған. Вагонда тыныштық орнады. Жолаушылардың көпшілігі ұйықтап қалды. Марк та төсегіне жатты. Бірақ ұйықтай алмады. Терезеге қайта-қайта қарай берді. Сыртта – қараңғы аспан. Алыста кейде бір ауылдың жарығы көрінеді. Бірнеше минуттан кейін ол да жоғалады. «Бұл елде қанша адам осындай даланың арасында өмір сүріп жатыр екен?» деп ойлады Марк. Ол телефондағы картаны ашып қарады. Пойыз әлі Қазақстанның ішінде ғана келе жатты. Сол сәтте Марк Қазақстанның көлемін алғаш рет шын мәнінде сезінді. Таңғы тосынсый Маркты таңғалдырды. Ең әуелі таңертең Маркты күн сәулесі оятты. Ол терезеге қарағанда, кешегі қараңғы дала мүлде басқа түске енгенін көрді. Көк аспан. Кең дала. Алыста жайылып жүрген жылқылар. Бір жерде шағын ауыл көрінеді. Марк камерасын алып, терезеден суретке түсіре бастады. Ол бір нәрсеге таңғалды: кеше Алматыда биік үйлер мен тауларды көрген еді. Ал бүгін оның алдында шексіз дала тұр. Бір елдің ішінде табиғаттың осынша өзгеруі Марк үшін таңғаларлық болды. Терезе сыртындағы Қазақстан сан түрлі болып өзгеріп құбылады. Таңғы уақытта вагон қайтадан жандана бастады. Жолаушылар шай ішіп, таңғы асын дайындады. Бір бала терезеге қарап отырды. Оның анасы оған жол бойындағы ауылдарды көрсетіп келе жатты. Марк терезеден жылқыларды көріп: – Қазақстанда жылқы өте көп пе? – деп сұрады. Қасындағы жолаушы күліп: – Иә. Қазақ үшін жылқының орны ерекше, – деді. Марк камерасын көтеріп, алыстағы жылқыларды суретке түсірді. Ол Қазақстан туралы жүздеген сурет көрген еді. Бірақ дәл қазір көріп тұрған көрініс оған интернеттегі кез келген суреттен ерекше әсер етті. Бір пойыздан бірнеше әлемді көре аласыз. Күн өткен сайын пейзаж өзгере берді. Бір жерде жасыл дала, бір жерде құрғақ жер, тағы бір жерде шағын елді мекендер көрінді. Марк өзінің пойызбен ғана емес, Қазақстанның бірнеше түрлі әлемі арқылы өтіп бара жатқанын түсінді. Ол жол бойында жаңа адамдармен танысты. Біреуі ауылға бара жатса, екіншісі жұмыс бабымен қалаға бара жатыр. Бір студент оқуына қайтып барады. Тағы бір жолаушы туған жеріне қонаққа бара жатыр. Олардың бәрінің мақсаты әртүрлі еді. Бірақ бірнеше сағат бойы олар бір вагонда бірге сапар шекті. Келесі кеште пойыз Астанаға жақындады. Марк терезеден қала шамдарын көрді. Ол телефонындағы сағатқа қарады. 24 сағатқа жуық уақыт өтті. Бір тәулік бұрын ол Алматыдан жолға шыққан еді. Сол кезде Қазақстан ол үшін картадағы үлкен мемлекет қана болатын. Енді ол Қазақстан туралы басқаша ойлады. Ол кең даланы көрді. Жылқыларды көрді. Шағын ауылдарды көрді. Пойыздағы адамдармен сөйлесті. Бірге шай ішті. Түнді жолда өткізді. Ең бастысы, ол Қазақстанның көлемін картадан емес, өз сапары арқылы сезінді. Пойыз станцияға тоқтады. Марк чемоданын алып, вагоннан шықты. Жол бойында танысқан адамдарымен қоштасты. – Сапарыңыз сәтті болсын! – деді жаңа танысы. – Рақмет. Мен Қазақстанға тағы келемін, – деді Марк. Ол вокзалдан шыққан кезде бір нәрсені анық түсінді: «Вагондағы көршің кім?» деген сұрақтың мәнін терең түсінді. Сонымен қатар Қазақстанды бір қаламен танып білу мүмкін емес. Бұл елді түсіну үшін оның жолына шығу керек. Ал кейде сол жолдағы ең қызықты нәрсе – баратын жерің емес, жолда кездескен адамдар мен терезе сыртындағы әлем. Пойыз – Қазақстанды танудың бір жолы екенін ұғынды. Авторы: Гүлжиһан Көбденова