Қазақша мәтін
Қазақстанның екі ірі қаласы – Алматы мен Астана. Екі қала да заманауи, адамдар көп тұратын және күн сайын мыңдаған көлік жүретін үлкен мегаполистер. Сондықтан бұл қалаларда бір ортақ нәрсе бар: көлік кептелісі.
Шетелдік адам үшін Алматы немесе Астана көшелеріндегі кептелісті көру қызық болуы мүмкін. Бір қарағанда, жүздеген көлік бір жерде тұрып қалған сияқты көрінеді. Бірақ әр көліктің ішінде өз оқиғасы бар: бір адам жұмысқа асығып бара жатыр, біреуі баласын мектепке апарады, енді біреуі әуежайға немесе вокзалға барады. Сол себепті егерде сіз, әсіресе, алыс сапарға аттанар болсаңыз, мәселен, ұшаққа немес пойызға мінер болсаңыз, 2-4 сағат бұрын жолға шығуға кеңес берер едім.
Алматы – Қазақстандағы ең ірі қалалардың бірі. Қала Іле Алатауының етегінде орналасқан. Бір жағында – биік таулар, екінші жағында – үлкен қала. Алматыдағы үлкен кептеліс шамамен 2-3 сағатқа созылуы мүмкін. Әсіресе, жаңбыр мен қар жауған кезде. Алматыда таңертең адамдар жұмысқа, студенттер университетке, балалар мектепке барады. Кешке бәрі үйлеріне қайтады. Осы уақытта көшелердегі көлік саны көбейеді. Кейбір көшелерде бірнеше минуттық жолды жарты сағат немесе одан да ұзақ уақытта жүруге тура келеді. Көліктер баяу қозғалады, бағдаршамдарда ұзын кезек пайда болады.
Алматыдағы кептелістің тағы бір ерекшелігі – қала мен таудың жақындығы. Кейде жүргізуші кептелісте тұрып қалып, терезеден тауларға қарай алады. Яғни көлік қозғалмай тұр, бірақ көрініс әдемі.
Алматыда тау етегіндегі кептеліс болса, Астанада кең көшелердегі кептеліс болады.
Астана салыстырмалы түрде жас және заманауи ғимараттарымен танымал. Мұнда кең даңғылдар, үлкен жол айрықтары және жаңа тұрғын аудандар көп. Бірақ кең көше әрқашан кептеліс болмайды дегенді білдірмейді. Таңертең мыңдаған адам бір уақытта жұмысқа шығады. Кешке олар үйлеріне қайтады. Нәтижесінде негізгі көшелерде көлік саны күрт көбейеді. Астанада қыс мезгілі де көлік жүргізуге әсер етеді. Қар, мұз және қатты жел жолдағы қозғалысты баяулатуы мүмкін. Сондықтан Астанадағы жүргізушілерге қысқы ауа райы да әсер етеді.
Екі қалада да кептеліс көбіне таңертең және кешке күшейеді.
Таңертең: үй → мектеп → жұмыс. Кешке: жұмыс → дүкен → үй.
Кейде осы қарапайым маршруттардың өзі ұзақ сапарға айналады. Мысалы, адам үйінен жұмысқа дейін 30 минутта жетемін деп ойлауы мүмкін. Бірақ жолдағы көлік көбейсе, бұл уақыт әлдеқайда ұзарады. Сондықтан Алматы мен Астананың тұрғындары жолға шығар алдында уақытты есептеуге тырысады.
Қала тұрғындары үшін телефондағы навигация қосымшалары өте пайдалы. Жолға шығар алдында адамдар картаға қарап, қай көшеде көлік көп екенін тексереді. Қызыл түспен белгіленген жолдар – жүргізуші үшін жақсы жаңалық емес.
Кейде жүргізуші негізгі көшені емес, басқа жолды таңдайды. Бірақ ең қызығы – бір көшедегі кептелістен қашқан көлік екінші көшеде жаңа кептеліс тудыруы мүмкін.
Сондықтан қаладағы көлік қозғалысы үлкен бір жүйеге ұқсайды. Бір жерде өзгеріс болса, оның әсері басқа жерлерде де байқалады.
Алматы мен Астанада қоғамдық көлік те маңызды рөл атқарады. Автобуспен немесе метро, LRT-мен жүру кейде көлік жүргізуден ыңғайлы әрі тез болады. Әсіресе адамға тұрақ іздеудің қажеті жоқ. Ал такси жылдам әрі ыңғайлы болғанымен, ол да кептелісте қалады.
Сондықтан көліктің түрін таңдау кезінде адамдар тек бағасына емес, жолдағы уақытқа да қарайды.
Бір қызығы, кептелістің қызық жағы да бар. Кептеліс – әрине, адамның уақытын алады. Бірақ оның қызық жағы да бар. Кептелісте адамдар музыка тыңдайды, подкаст немесе аудиокітап тыңдайды, телефондағы хабарламаларына жауап береді. Өйткені Алматы мен Астананың тұрғындары үшін кептеліс күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған.
Екі қаланың кептелісі бір-біріне ұқсайды, бірақ атмосферасы әртүрлі.
Алматыда қала тығыз орналасқан, көлік көп, ал таулар қалаға ерекше көрініс береді.
Астанада көшелер кеңірек, қала жаңа аудандарға қарай жылдам өсіп келеді. Бірақ ауа райы, әсіресе қысқы қар мен жел, жол қозғалысын қиындатуы мүмкін.
Екі қалада да ортақ нәрсе бар: адамдар уақытын үнемдегісі келеді, бірақ кейде жолдағы көлік оған мүмкіндік бермейді. Сондықтан Алматы мен Астанада өмір сүретін адам үшін «кептеліс» деген сөз жай ғана көлік мәселесі емес. Ол – күнделікті қала өмірінің бір бөлігі.
Ал шетелдік адам үшін бұл көрініс Қазақстанның тағы бір қырын көрсетеді: Қазақстанның қалалары да әлемнің басқа мегаполистері сияқты өсіп, адамдар көбейіп, көшелерге көлік толып келеді.
Кейде үлкен қалада ең қиын нәрсе – баратын жеріңе жету емес, сол жерге жеткенше сабыр сақтау.
Авторы: Гүлжиһан Көбденова