Сайт әзірлену үстінде — кейбір мүмкіндіктер әлі толық жұмыс істемеуі мүмкін.
Мәтіндер тізіміне оралу
Кроссовка үшін алтыннан айырылған Қазақстандық спортшы
B2 - Ортадан жоғары · 407 сөз

Кроссовка үшін алтыннан айырылған Қазақстандық спортшы

Аудио плеер
0:00 --:--
Спорт өмір секілді, әртүрлі тосынсыйларымен, күтпеген жағдайлар орын алып тұрады. Соның бірі жас спортшы қыз Ясминаның басынан да өтті. 2026 жылы қыркүйек айында — Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындарында спорттық жүрістен 42 шақырым 195 метрді 3 сағат 22 минут және 20 секундта жүріп өтіп, бірінші болып мәреге жетті. Мыңдаған қадам. Бірнеше сағаттық қажырлы еңбек. Мәреге бірінші болып жеткен жеңіс. Бірақ… алтын медаль жоқ. Қазақстандық спортшы 21 жастағы Ясмина Тоқсанбаева жарыста бәрінен бұрын келіп, жеңімпаз атанған. Алайда қуанышы көп ұзамай су сепкендей басылды. Себебі спортшының кроссовкасы талапқа сай емес болып шықты. Ең қызығы — мәселе оның жүгіре алмағанында емес. Жылдамдығында да емес. Тіпті жарыс кезінде жіберген қатесінде де емес. Бәріне себеп болған — аяқ киім. Иә, кәдімгі кроссовки. Ясмина жарысқа арнайы дайындаған кроссовкасымен шыққан. Бірақ жарыстан кейінгі тексеріс кезінде бұл модельдің сол сәттегі ресми талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Нәтижесінде спортшының көрсеткіші жойылып, алтын медаль басқа спортшыға бұйырды. Бір сәт елестетіп көріңізші… Сіз бірнеше сағат бойы жарысасыз. Аяғыңыз талады. Денеңіз шаршайды. Бірақ берілмейсіз. Ақыры мәреге бірінші болып жетесіз. Сол кезде сізге: «Мәреге бірінші болып келдіңіз, бірақ алтын сіздікі емес», — дейді. Жарыстан кейін жүлдеге іліккен спортшылардың аяқ киімі тексерілді. Тексеру барысында Ясминаның киген кроссовка моделі World Athletics мақұлдаған аяқ киімдер тізімінде жоқ екені анықталды. Соның нәтижесінде оның жарыстағы нәтижесі жойылып, алтын медальдан айырылды. Ясмина кейін бұл кроссовканы ережеге рұқсат берілген уақытта сатып алғанын айтқан. Кейін аяқ киімге қатысты талап өзгеріп, ресми тізім жаңартылған. Ал спортшы бұл өзгерісті байқамай қалған. Спортшының тағдырын секунд қана емес, кроссовканың моделі де шешуі мүмкін. Ясмина алтыннан айырылды. Бірақ бір нәрсені ешқандай хаттама өзгерте алмайды: ол мәреге бірінші болып жетті. Оның 42 шақырым 195 метр бойы төккен тері мен еңбегін бір жұп кроссовка өшіре алмайды. Бәлкім, бұл — Ясминаның жеңілген күні емес, спорттағы ең үлкен сабақ алған күні шығар. Ал Ясминаның өзі ше? Ол берілмеді. Жеңімпаз қыз: «Мен әлсіздік танытуға құқылы емеспін. Маған тек қана медаль керек деп ойлайсыңдар ма?! Мен барлық ақшаны медаль алу мен Қазақстан әнұранын айту мүмкіндігіне айырбастар едім. Егер олар мені тексеріп, кроссовкаң сәйкес келмейді, оның биіктігі дұрыс емес десе, мен керек десең, жаяу жүрер едім ғой. Мен бұл медальды Қазақстанға бергім келген. Мен тарихты жасағым келген. Олар маған қатыгездік жасады.» деп шынайы ойы мен сезімдерін білдірді. «Алтынды» алып кеткенімен, оның ең үлкен жеңісі — осындай ауыр сәттен кейін қайта тұрып, алға қарай жүруі, туған халқының қолдауы шығар. Медаль жойылуы мүмкін. Бірақ 42 шақырымды бірінші болып аяқтаған спортшының еңбегін ешкім жоя алмайды. Авторы: Гүлжиһан Көбденова