Бір қоңырау. Бірнеше минут. Бір адамның тағдыры.
Адамның өміріне қауіп төнгенде бәріміздің күтетініміз бір нәрсе — жедел жәрдем тез жетіп, қажетті көмекті көрсетуі.
Қазақстанда жедел жәрдем нөмірі — 103. Қазақстандық жүйенің ерекшелігі — жедел жәрдем қызметі азаматтарға мемлекеттік жүйе арқылы көрсетіледі және шақыртулар шұғылдығына қарай санаттарға бөлінеді.
Яғни диспетчер телефонның ар жағынан төмендегідей сұрақтар қояды:
Не болды?
Науқастың жағдайы қандай?
Өміріне қауіп бар ма?
Есі бар ма?
Қанша адам зардап шекті?
Тыныс алып жатыр ма?
Мекенжайы қай жерде? деген сияқты сұрақтар қойылады.
«Жедел жәрдем қашан келеді?» деген сұрақ әсіресе адам көп, жол кептелісі бар ірі қалаларда өте өзекті.
Жедел жәрдем бригадасы тек науқасты ауруханаға жеткізетін «такси» рөлін атқармайды. Мақсат науқасты ауруханаға жеткізу ғана емес, жолға шыққан сәттен бастап емдеуді бастау.
Сондықтан арнайы дайындықтан өткен медицина қызметкерлері, реанимациялық бригадалар, дәрігерлер немесе парамедиктер шақырту орнына қарай жіберіледі.
Ал кей жағдайда жедел жәрдемге қоса құтқару қызметі немесе полиция да бірден шақырылуы мүмкін.
Жедел жәрдемнің сапасына тек машинаның жылдамдығы ғана емес, диспетчердің қалай жұмыс істейтіндігі, бригаданың қаншалықты тез келетіндігі, медицина қызметкерлерінің дайындығы, қажетті құрал-жабдықтың болуы, ауруханада науқасты қабылдау жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуы да әсер етеді.
Бір адамның жүрегі ауырып қалды делік. Қазақстанда туысы бірден 103-ке қоңырау шалады. Ұлыбританияда — 999 немесе 112. Германияда — 112. Ал АҚШ-та — 911.
Нөмірлері әртүрлі болғанымен, мақсат бір: адам өмірін сақтап қалу.
Қазақстанда жедел жәрдем шақыртулары шұғылдық санатына қарай бөлінеді. Мысалы, өмірге тікелей қауіп төндіретін жағдай болса, бригада ең жоғары басымдықпен жіберіледі. Мысалы: Адамның жүрегі тоқтады — бұл бір деңгей. Дене қызуы көтеріліп, бірақ өміріне қауіп жоқ — мүлде басқа деңгей. Яғни диспетчер үшін барлық шақырту «бірдей шұғыл» емес. Бұл маңызды, себебі бір мекенжайға жедел жәрдем жіберіп жатқанда, басқа жерде адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін. Ал іштің ауыруы секілді шұғыл, бірақ бірден өмірге қауіп төндірмейтін жағдайлар төменірек санатқа түсуі мүмкін. «Кім бірінші қоңырау шалды?» емес, «Кімге бірінші болып көмек қажет?» Мысалы, екі адам бір уақытта қоңырау шалсын. Біріншісі — аяғын ауыртып алған. Екіншісі — жүрек талмасына ұқсас белгілер айтып жатыр. Жүйе екіншісіне басымдық береді.
Өйткені жедел жәрдемнің ең қымбат минуты — көлік қозғалысын күтіп тұрған минуты емес, науқастың өмірін сақтап қалуға болатын минут.
Авторы: Гүлжиһан Көбденова