Бір күні бір адамның ақшасы жоғалыпты. Таба алмаған соң не істерін білмей, бал аштыруға бақсыны шақырыпты. Бақсы келіп, маңайдағы көршілерін жиып алып, былай деп сөз айтады.
– Аяқ киіміңізді шешіп, жалаңаяқ отырыңыздар. Мен жынымды шақырып, бақсылық жасаймын, сол уақытта ақшаны кім ұрласа, менің жыным жылан болып келіп, сол кісінің аяғын шағады, – дейді.
Бақсы әрлі-берлі жүріп, сарнап, жынын шақырып отырып, «Ал, аяғыңды шақты» дегенде бір жігіт секіріп түскен екен. Жұрт жабыла барып, әлгі жігітті ұстап, ұрлығын мойындатыпты. «Сезікті секіреді» деген осыдан қалған екен.
Сөздік:
бал аштыру - to consult a fortune-teller
бақсы - shaman; traditional healer
жалаңаяқ - barefoot
сарнау - to chant
жабыла бару - to rush forward together
сезікті - suspect; suspicious person