This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to adapted texts
Сараңның сазайы
B2 - Upper Intermediate · 506 words

Сараңның сазайы

Audio player
0:00 --:--
Ертеде Ташкент пен Қоқан аралығындағы шатқал тау бөктерінде Паркент пен Заркент маңындағы қыстақта Ішіқара деген бай болыпты. Ол өте сараң болыпты. Сараңдықта Шыршық пен Сыр бойында оған ешкім тең келмепті. Күндердің күнінде бір қойшысының құрған тұзағына жалғыз бала түлкі түскен екен. – Түлкі менің жерімнің түлкісі, – деп, қойшыдан Ішіқара бай тартып алыпты. Бай түлкіні алып, Алтынбелдегі тымақ тігетін азғана қырғыз үйі тұрған ауылға барыпты. Ішіқара бай қолындағы бала түлкінің терісін көрсетіп: – Осыдан маған бір тымақ тігіп бер, – депті. Тымақшы таңырқай бір қарапты да: – Мақұл, – деп келісіпті. Тігінші шебердің тымақ тігіп беруге бірден келісе қойғанына күмәнданған Ішіқара бай: – Түлкімнің терісінен бір емес, екі тымақ шығар ма екен? – деп ойлапты да, бала түлкінің терісін қайтып алып, Соқақ аулындағы шеберге апарыпты. Тымақ тігетін шеберге түлкінің терісін көрсетіп: – Мына түлкінің терісін өзіме лайықтап, тымақ тігіп бер, – депті. Бұл тігінші де таңырқай қарап: – Болады, тастап кетіңіз, – дей салыпты. Бұған да күмәнданған Ішіқара «Бірден келісімге келіп, тымақ тігіп бергісі келді, екі тымаққа жететін болар», – деп ойлап, бала түлкінің терісін одан да қайтарып алыпты. Бай қазақтар көп қоныстанған Сәмсерек ауылына қарай жол тартыпты. Ауыл аралап, қона жатып, екінші күн әрең дегенде Сәмсерекке жетіпті. Сәмсеректегі қалың қазақ арасында өте атақты бір тігінші шеберге келіп: – Мына түлкінің терісі талай шебердің қолынан өтті. Өзіңдей шебердің қолына түссе екен деп тіледім. Бүгін ауылымнан аттанғалы алты күн болды. Шеберлердің біразын ұнатпай, екі күн жүріп, үш күн дегенде саған жеттім. Мына түлкі терісінен үш тымақ етіп тігіп бер, – депті. Бай абайлап, өз қолымен түлкі баласының терісін шебердің қолына салыпты. Сәмсеректің шебері: «Өте қу да сараң адам сен боларсың», – деп ішінен ойлапты да: «Сенің сазайыңды тарттырып, жылаған, сықтаған, зарлаған, зорлық көрген бейшаралардың кегін сенен қайтармасам, тігінші атым құрысын», – деп шешіпті. – Мақұл, үшеуін үш күнде бітірейін, – деп алып қалыпты. Арада үш күн өткеннен кейін Ішіқара бай тігінші шебердің үйіне келіп, пішіліп тігілген тымақтарды көріп, таңғалып қала жаздапты. Өз басына арнап тіктірген тымақтары қуыршаққа ғана шақ болып шығыпты. Сараң Ішіқара бай дереу өз заманының биіне барып, шағымданыпты. Билер шабарман, жасауылдарын жіберіп, Сәмсеректің шебер тігіншісін айдап әкеліпті. Билер ақ-қарасын тексеріп отырмай-ақ: – Мына байдың үш тымағының ақшасын төлейсің, – депті. Шебер: – Тақсыр, биеке! Былай болған істің мән-жайын сұрасаңызшы, – деп өтініпті. – Иә, болған істің мән-жайын айта ғой! – Ішіқара байекең бір бала түлкінің терісін әкеліп, үш тымақ тігіп бер деді. Бала түлкінің терісінен үш үлкен тымақ шықпайтынына көзіңіз жетіп тұрған болар. Мен өлшеп, піше келіп, бай ұзатылатын қыздарының болашақ ұлдары мен қыздарына қуыршақты да қазірден дайындап беретін шығар, – деп, үш күн бойы отырып, қуыршаққа шақ тымақ тіктім. Менің сізден өтінішім – мына байдан үш күндік еңбекақымды төлетіп берсеңіз, – дейді. Билер лажсыз бітімге келіп, тігінші шебердің үш күндік еңбекақысын төлетіп беріпті. Сөйтіп, Ішіқара сараң бай сазайын тартқан екен. Сөздік: қыстақ - village; winter settlement тұзақ - snare тымақ - fur hat күмәндану - to doubt шағымдану - to complain; to lodge a complaint мән-жай - circumstances; details бітімге келу - to reach a settlement сазайын тарту - to get one’s just deserts
Бабалар сөзі. 77-том: Сатиралық ертегілер. Астана: Фолиант, 2011. 207–209-б.