Kazakh Text
Бір күні Қу бала Алдар көсе деген қу бар, оны ешкім жеңе алмайды деген хабарды естиді. Сол кезде өзі де аты шыққан Қу бала Алдар көсені іздеп жолға шығады. Қу бала, ақырында, Алдар көсені іздеп табады. Екеуі амандасып, көріседі. Алдар көсе баланың жөнін сұрайды. Қу бала:
– Алдар көсе деген сіз боласыз ба? Мен жолдас болайын деп келдім, – дейді. Алдар көсе:
– Маған жолдас болсаң, алдымен бір сомға бір қой алып кел, – деп, Қу балаға бір сом береді. Бала бір сомды алып, жүгіріп қыр астындағы қойшы қартқа келеді. Қартқа амандасқан соң, қарт баланың жұмысын сұрайды. Қу бала:
– Ата, маған бір лағыңды сат, – дейді. Қарт:
– Бір сомға ал, – дейді. Қу бала лақты алып шығып, аз жүреді де, кері барып, қартқа:
– Ата, лағым да саған кетсін, бір сомым да саған кетсін, маған бір тоқты бер, – дейді. Қарт:
– Ала ғой, шырағым, – дейді. Бала тоқтыны алып шығып, аз жүреді де, кері барып, қартқа:
– Ата, лағым да саған кетсін, бір сомым да саған кетсін, тоқтым да саған кетсін, маған бір қой бере ғой, – дейді. Сан білмейтін шал өзінше бұның бәрі көп сияқты көрінген соң:
– Жарайды, бір қой ала ғой, – дейді. Қу бала бір қойды алып, Алдар көсеге келеді. Алдар көсе:
– Жарайсың, маған жақсы жолдас бола аласың, – дейді. Бұл екеуі көп уақыт жолдас болып, түрлі қызықтарды бастарынан кешірген екен дейді.
Сөздік:
қу - trickster
жөнін сұрау - to ask someone’s purpose or background
сом - rouble; monetary unit
лақ - kid; young goat
тоқты - yearling sheep
бастан кешіру - to experience