This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to adapted texts
Алдар көсе мен Қу бала 2
B1 - Intermediate · 436 words

Алдар көсе мен Қу бала 2

Audio player
0:00 --:--
Бір күні Қу бала еліне қайтпақ болады. Бірақ Қу баланың азғана ақшасы Алдар көседе қалып қояды. Біраз уақыттан кейін Қу бала келіп, алып кететін болады. Күндер мен айлар өтеді. Ақыры Қу баланың келетін күні жетеді. Бүгін Қу бала келеді деген күні Алдар көсе «ауырып», «өледі». Қу бала да келісілген күні Алдардың үйіне келіп жетеді. Қу бала Алдардың үйіне кірсе, бұрышта бүркеніп отырған Алдардың әйелін көреді. Қу бала: – Жеңешеке, есен-амансыңдар ма? Көсекем сау ма, үйде ме? – деп сұрайды. Алдар көсенің әйелі жылап: – Көсекем бүгін дүниеден қайтты, молаға апарылған жоқ, – дейді. Қу бала «Көсекемді өз қолыммен жерлеймін, ол менің жан жолдасым еді» деп, өтірік жылайды. Сол маңдағы елден төрт-бес қартты жинап, Алдар көсені жерлеуге дайындауға кіріседі. Қу бала Алдардың денесіне ыстық суды әдейі молынан құйып жібереді. Алдар көсені табытқа салып, бетін ақ шүберекпен жауып, бірнеше кісі болып көтеріп, молаға әкеледі. Ол кезде мола үй сияқты салынған, төбесі жабылған, есігі, терезелері бар екен дейді. Өліктерді табытпен апарып, қабырғаға қатарластыра сүйеп қояды екен дейді. Қу бала мен оның қасындағылар Алдар көсені де табытпен қабырғаға сүйеп қояды. Келгендер «өлікті» қойып, үйлеріне қайтып жатқанда, Қу бала: – Өзім Көсекемді жайғастырып барам, – деп, мола ішінде қалады. Қу бала Алдардың өтірік өлгенін біліп, басқа бір табыттың артына жасырынып отырады. Сол кезде моланың ішіне түстері қашқан алты адам заттарын арқалап кіреді. Олар ұрылар екен, алған ұрлық заттарын өзара бөлісе бастайды. Бөлісте ұрылардың орталарында бір қылыш артық қалады. Алтауы «Мұны қалай бөлісеміз?» – деп кеңеседі. Біреуі ортасына шығып: – Кім мына өліктердің біреуін қылышпен шауып түсірсе, қылышты сол алсын, – дейді. Шетте отырған батырсыған біреуі қылышты қолына алып, бір өлікке жақындап барады. Қалғандары: – Жас өлікті тап, қылыш өтеді, ескі өлікке қылыш өтпес, – дейді. Қолындағы қылышы бар ұры өліктерді байқай келгенде, жуырда өлген адам деп ойлап, Алдар көсенің табытына келеді. Енді қылышын көтеріп, шабайын деп жатқанда, Алдар көсе қысылып кетіп: – Оһ.., аһ... аһ... – деп, бақырып жібереді. Онсыз да қорқып жүрген ұрылардың зәресі ұшып, ұрлық заттарының бәрін тастай, моладан шыға қашады. Алдар көсе де жалма-жан бетіне жапқан ақ шүберекті алып тастап, ұрылардан қалған заттардың шетінен ұстай бергенде: – Көсеке, тіріліп те үлгердің бе? – деп, Қу бала да заттардың бір шетінен ұстай кетеді. Алдар көсе мен Қу бала ұрылар қалдырған заттарды бөліседі. Бөлісте Қу бала да Алдар көседен өз ақшасын алып, қош айтысып, еліне келеді. Сөйтіп, Алдар көсе де Қу баланы алдай алмаған екен дейді. Сөздік: бүркену - to cover oneself; to wrap oneself up жан жолдас - close companion жерлеу - to bury табыт - coffin жасырынып отыру - to sit in hiding зәресі ұшу - to be terrified жалма-жан - hurriedly; immediately бөлісу - to share out
Бабалар сөзі. 77-том: Сатиралық ертегілер. Астана: Фолиант, 2011. 218–219-б.