Тәуке хан заманында өмір сүрген Әйтеке би шешендігімен ел жадында қалған. Оның жерленген жері туралы нақты тарихи құжаттар жоқ. Бірақ халық аузында сақталған әңгімелер көп. Соның бірі - қарақалпақстандық Қалмахан Ысқақов деген ақсақалдан жазып алынған мына әңгіме.
Бір кезде Кіші жүздің адамы Ұлы жүздің дулат руындағы біреудің қолынан қаза тапқан екен. Осы мәселені ешкім көтермей, ұзақ уақыт шешілмей қалыпты. Кейін Әйтеке би бастаған топ дулат еліне келетін болыпты. Дулаттар елі оларды құрметпен қарсы алып, арнайы үйге түсірген.
Қонақтарға тамақ беріліп, қымыз ұсынылғанымен, ешкім мәселені бірінші болып қозғамаған. Соңында Төле би:
- Уа, Әйтеке, жол болсын! - деп сөз бастаған.
Әйтеке би тірілермен танысып, өлген адамның ісін қайта қозғауға келгенін жұмсақ сөзбен жеткізген. Төле би де келісімге дайын екенін білдіріп:
- Қылышың болса мойныма, құшағың болса қойныма, - деп жауап берген.
Әңгіме осымен аяқталған соң, Әйтекенің жанындағылар келген жұмыстарының шешілмегеніне таңғалыпты. Сонда Әйтеке би екі жақтың келісімге келгенін, дулаттардың жасауымен бірге қыз беретінін түсіндірген.
Келіскендей, ертеңіне Назар есімді кісінің Ақшолпан атты қызы Әйтекеге берілген екен. Кейін осы Ақшолпаннан Өтебас деген белгілі би дүниеге келген.
Source
Өтеген мен Өтемұрат Қойшиевтер. Қалмахан Ысқақов ақсақалдан жазып алынған.