This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to adapted texts
Аяулым менің – ауылым (үзінді)
B1 - Intermediate · 241 words

Аяулым менің – ауылым (үзінді)

Audio player
0:00 --:--
Апамның монологы: Менің үлкен ұлым осыдан 15 жыл бұрын туған ауылы Шәңгіштайдан біржола кетті. Ол Қарағандыдағы шахтаға жұмысқа тұрды. Содан кейін бұл ауылдан талай адам көшіп кетті. Санап отырсам, 25 азамат қалаға аттаныпты. Мен әрдайым: «Туған ауылын тастап баратындай, сол қаланың не сиқыры бар екен?» деп ойлайтынмын. Кейін тағдыр айдап, сол қалаға мен де бардым. Тұңғыш ұлым Қылан: «Апа, ауылда отын-су, мал деп 60 жыл бойы қиналдың. Қалаға апарайын, тыныш қана демалып отыр», – деп қоймаған соң Қарағандыға тарттым. Ауылдан кеткен Құмаш, Шыңғыс, Тиянақ сияқты білікті жігіттердің бәрі осында шахтада жұмыс істейді екен. Олар мені көріп: «Апа, ел аман ба?» деп амандасты. Мен: «Өздерің ауылға неге бармайсыңдар? Баяғы ауыл емес, қазір өзгерген, өскен», – дедім. Олар болса: «Апа-ай, жалыққан соң кеттік қой. Қаланың қарбалас өміріне үйреніп кеттік», – деді. Қалада бәрі дайын, не ішіп-жеймін демейсің. Жан тыныштығын ойласам, отыра беруге болар еді. Бірақ ауылды, туыстарды сағынады екенсің. Күнделікті жақсы өмір де адамды жалықтырады екен. Маған бір нәрсе жетпей жүрді, ақыры қатты ауырып қалдым. Дәрігерлердің ешқайсысы ем таба алмады. Сосын ұлыма: «Мені елге жеткіз. Ауылдың топырағы бұйырсын», – дедім. Олар мені ауылға апарды Шәңгіштайға жақындағанда таудан ағатын «Күркіреме» деген бұлақ бар еді. Автобусты тоқтатып, сол бұлақтың таза суына беті-қолымды жуып, суынан ішкен соң, жаным кіріп, көзім ашылды. Міне, содан бері еш ауырған емеспін. Мұның сыры неде екенін білмеймін. Менің білетінім: қалаға кеткен жастар, туған жерді ұмытпай, қаланың жақсылығын ауылға әкелсе екен. Ауыл көңілсіз деп қашқан 25 азамат, Күркіременің суынан ішіп көрдіңдер ме?
О. Бөкей. Лениншіл жас. - 1968. - 24 январь.