This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to adapted texts
Аяулым менің – ауылым (үзінді)
B2 - Upper Intermediate · 280 words

Аяулым менің – ауылым (үзінді)

Audio player
0:00 --:--
Апамның монологы: Үлкен ұлым бұдан 15 жыл бұрын Шәңгіштайдан біржола кетіп, Қарағандының шахтасына жұмысқа орналасқан болатын. Иә, бұл ауылдан содан кейін де талай адам безді ғой. Ой жүгіртіп, санап отырсам, 25 азамат қалаға аттаныпты. Сонда мен: «Апырау, туған ауылынан безіп кететіндей, сол шаһардың не сиқыры бар екен?» деп таңғалатынмын. Кейін дәм тартып, сол қалаға менің де баруыма тура келді. Тұңғыш ұлым Қылан: «Ой, апа, ауылда отын-су, мал-жан деп безектеп 60 жыл өміріңді өткіздің. Енді қалаға апарайын, тыныш қана ұршығыңды иіріп отыр», – деп қолқалаған соң Қарағандыға тарттым. Ауылдан кеткен Құмаш, Шыңғыс, Тиянақ, Түсетай сияқты білікті азаматтардың бәрі де осында, шахтада жұмыс істейді. Өзіміз аялап өсірген балалар емес пе, «апа, ел аман, жұрт тыныш па?» деп амандық-саулық сұрасты. «Ой, жүгірмектер, өздерің неге ауылға барып қайтпайсыңдар? Баяғы ауыл емес, өскен, өзгерген», – десем, олар: «Ой, апа-ай, жалықтырған соң кеттік қой. Қаланың қарбалас тіршілігіне үйреніп кеттік», – деп шұнаңдасты. Шынында да, қалада бәрі дайын, сақадай сай, таршылық көрмедім. Жан тыныштығын ғана ойласам, отыра беретін едім. Бірақ абысын-ажынды, ауыл-аймақты сағынады екенсің. Тек қана жақсылықтан тұратын бірсарынды өмір де адамды жалықтырады екен. Әйтеуір, маған бір нәрсе жетпей, ақыры қатты сырқаттандым. Көрсетпеген дәрігер қалмады, бірақ ешқайсысы шипа жасай алмады. Ақыры ұлыма: «Мені елге жеткіз. Туған жердің топырағы бұйырсын», – деп қолқамды айттым. Осылайша мені ауылға қарай алып жүрді. Шәңгіштайдың бер жағында таудан құлап ағатын Күркіреме деген бұлақ болушы еді. Автобусты тоқтатып, сол бұлаққа беті-қолымды жуып, кәусар суынан деміге жұтып-жұтып жібергенде, сарайым ашылып, жанарым жарқырай қалды. Міне, содан бері қыңқ етіп ауырған емеспін. Мұның сыры неде, қандай сиқыры бар – білмеймін. Менің білетінім: «өзі болған қыз төркінін танымас» демекші, қаладағы жақсылықты туған ауылдарыңа тартсаңдар екен. Шәңгіштай көңілсіз деп қашқалақтаған 25 азамат, Күркіременің суынан таңдайларыңа тартып көрдіңдер ме?
О. Бөкей. Лениншіл жас. - 1968. - 24 январь.