Бір күні анасы жаулығының шетіне үш тиынды түйіп, Байжанды Жақыптың үйіндегі молдаға алып барады. Байжан ол жерде сабақ оқуы керек еді.
Молданың үйінде он шақты бала сабақ оқып отыр екен. Балалар қатты шулап, дауыстап оқып жатты. Байжан үйге кірген кезде қатты ұялады. Ол әлсіреп, ешкімнің бетіне қарай алмайды. Ол басын төмен түсіріп, анасының артына тығылады. Балалардың бәрі оған қарайды.
Молда Байжанның анасына:
– Жоғары шығыңыз, бәйбіше! – деді.
Байжан молданың қарапайым адам сияқты сөйлегеніне таңғалады. Өйткені ол молданы ерекше, дәрежесі өте жоғары адам деп ойлайтын. Оған молда адамның ойын да біле алатын сияқты.
Таң жаңа ғана атып келе жатқан. Күннің сәулесі айналаға түсе бастады. Жаздың қысқа таңында адамдар әлі ұйықтап жатқан. Бірақ ауылдан алыстау орналасқан кішкентай үйде он шақты бала сабақ оқып, шулап отырады.
Балалар ұйқылы-ояу күйде оқиды. Олар есінеп, сөздерін дұрыс айта алмай қалатын. Кейде қалғып бара жатқан баланы молда қамшымен ұрып, оятатын. Балалар қорқып кетіп, бәрі бірге қатты дауыстап оқитын.
Байжан қағаздағы үлкен әріптерге қарап, қайталап отырады. Молда басқа жаққа қарағанда, ол дауыстап оқитын.
Біраздан кейін Байжан қатты жалығып, қасындағы балаға сыбырлап сөйлей бастайды. Молда оны жақтан ұрып жібереді. Байжанның жылағысы келеді. Бірақ молда қамшысын алмақ болғанда, ол қорықты. Көз жасын тоқтатты да, қайтадан сабақ оқи бастады.
Біраз уақыт өткен соң Байжан ұйқысын ашу үшін қағазын бүктеп, қасындағы балаға береді. Содан кейін есіктің алдына барып: – Молдеке, сыртқа шығуға рұқсат па? -деді.
Молда: – Жаңа келдің, хайуан, отыр!-деп жауап берді.
Байжанның көзіне жас толады. Ол жанындағы үлкендеу балаларға қарап, қайтадан орнына отырады.
Source
А.Байтұрсынұлы. Алты томдық шығармалар жинағы. 2-том. – Алматы: «Ел-шежіре», 2013. - 384 б.