This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to adapted texts
Өзі сүйген
B1 - Intermediate · 270 words

Өзі сүйген

Audio player
0:00 --:--
Біз қостан шыққанда, кеш түскен еді. Айнала қараңғылана бастаған. Жайлаудың салқын кеші ерекше жағымды болды. Мұнда шыбын-шіркей жоқ. Күндізгі шу басылып, таулар да тыныштыққа бөленгендей еді. Жеңіл самал соғып тұрды. Біз ирелеңдеген тау жолымен жоғары көтеріліп келе жаттық. Ұзақ жолдан шаршаған аттар баяу жүрді. Олар бастарын анда-санда шұлғып қояды. Біз екеу едік. Жанымда менен екі-үш жас үлкен Алтай деген жігіт келе жатты. Ол қой көзді, қара әрі бұйра шашты еді. Ол біз көтеріліп келе жатқан таудың арғы жағында қой бағады. Күндіз біз бірге шөп жинаған едік. Кейін Алтай мені үйіне қонуға шақырды. Ол менімен әңгімелескісі келді. Мен Алтайдың әндері мен әңгімелеріне қызықтым. Жол да алыс емес, сондықтан онымен бірге еріп шықтым. Біз тау басына көтерілген кезде, ай да аспанға көтерілді. Айдың сәулесі айналаны біртіндеп жарық етті. Бұған дейін жайылған қараңғылық тау мен ағаштардың түбіне қарай шегінді. Алтай тауларының көгілдір шыңдарын бұлт басып жатты. Түн тыныш болғанымен, әртүрлі дыбыстар естіліп тұрды. Құстар шақырып, шегірткелер шырылдады. Кейде алдымыздан ұлар ұшып шығатын. Мұндайда аттар шошып, біз олардың жалынан ұстап қалатынбыз. Алтай алыстағы жылтыраған отты көрсетіп: – Анау менің отауымның оты. Біз өте әдемі жерде тұрамыз. Қарашы! Айлы түніміз, әдемі көліміз және алты жүз қойымыз бар,- деді. Ол үйін ойлап асыққан сияқты. Алтай атын қатты тебініп, алға қарай шауып кетті. Мен де оның артынан ердім. Алтайдың киіз үйі көлдің жағасында тұр екен. Көл өте әдемі көрінді. Ай сәулесі суға түсіп, толқындар жарқырап жатты. Жеңіл жел көл бетіне ұсақ толқындар түсіреді. Қотанның шетінде бір қарақшы тұрды. Оттың қасында бір адам көрінді. Біз қойларды үркітіп алмау үшін ақырын жақындадық. Алдымыздан аламойын ит шықты. Ол мені иіскеп жүрді. Мені тістегісі келгендей көрінді, бірақ иесінен қорыққандықтан тоқтап қалды.
О.Бөкей. Еңбек туы. - 1964. - 10 қыркүйек.