Біз қостан шыққанда, ымырт түсіп, айнала қараңғылана бастаған еді. Жайлаудың шыбын-шіркейсіз салқын кеші ерекше жайлы сезілді. Күндізгі у-шудан шаршаған тау етектері самал желге тыныстап, үнсіз қалғандай. Түнгі тіршілік біртіндеп оянып келе жатты. Алыстағы пішеншілердің дауысы бұрынғыдай анық емес, еміс-еміс қана естіледі. Біз ирелеңдеген тау жолымен жоғары көтеріліп келеміз. Құлағын кезек қайшылаған аттар баяу аяңдап, шаршаған бастарын еріксіз шұлғиды.
Біз екеу едік. Жанымдағы жігіт Алтай менен екі-үш жас үлкен. Ол қой көзді, қара және бұйра шашты жігіт. Біз көтеріліп келе жатқан таудың арғы жағында қой бағады. Күндіз ол бізбен бірге шөп жинаған еді. Кейін мені үйіне қонуға шақырып, әңгіме айтқысы келетінін білдірді.
Мен Алтайдың әндері мен әңгімелеріне қызығатынмын. Оның үйіне дейінгі жол да алыс емес еді. Сондықтан оның ұсынысын қабылдап, бірге еріп шықтым.
Ақыры біз тау үстіне көтерілдік. Сол сәтте «Қосжүректің» иығына ай да көтерілді. Ай шыққан соң, қараңғылық тау мен ағаштардың түбіне шегініп, айнала жарық бола бастады.
Алтайдың көгілдір тауларының шыңдарын үйірінен адасқан бұлттың бір бөлігі басып жатты. Түн ішінде құстар мен жәндіктердің дауыстары естіліп тұрды. Шегірткелер шырылдап, құстар дауыстап, тоқылдақтар ағашты тоқылдатып жатты. Кейде алдымыздан ұлар дүр етіп ұша жөнелетін. Мұндайда шошып кеткен аттың жалынан ұстап, құлап қалмауға тырысатынбыз.
Алтай алыста жылтыраған отты көрсетіп: – Әне, менің отауымның оты. Біз өте әдемі жерде тұрамыз, достым. Қарашы! Айлы түніміз, айдын көліміз, алты жүз қойымыз бар, – деді.
Осынау әсем түн әсер етті ме, әлде етекте жылтыраған оты қуат берді ме, әлде қойға бас-көз боп жападан жалғыз қалған Күмісайым не күйде екен деп асықты ма, Алтай тор төбелін борбайлап жіберіп, шаба жөнелді. Мен де оның соңынан ілестім.
Алтай киіз үйін айнадай жарқыраған көлдің жағасына тігіпті. Көл ай сәулесімен ерекше әдемі көрінді. Оның толқындары ай жарығын шағылыстырып, жалт-жұлт етеді. Жеңіл самал көл бетіне ұсақ толқындар түсіріп өтті.
Қотанның шетінде қарақшы ербиеді. Оттың қасында біреу жүрді.
Біз қойларды үркітіп алмау үшін ақырын жақындадық. Сол кезде алдымыздан аламойын ит шықты. Ол мені «Бұл кім?» дегендей иіскеп жүрді. Маған тап бергісі келгендей болғанымен, иесінен сескеніп, жақындай алмады.