Kazakh Text
Баяғыда Қатынқарағай ауданында Құлаша деген қарт өмір сүріпті. Оны бұл өңірдің жұрты жақсы білетін. Ол ағайын-туысынан ерте айырылып, жетім өскен. Қартайған шағында жалғыздық пен жоқшылықтың ауыртпалығын қатты сезінді. Жетпіс жасқа келген Құлаша ауылдарды жаяу кезіп, адамдардан көмек сұрап күн көретін. Қолында былғары сөмкесі мен тобылғыдан жасалған таяғы болатын. Сөмкесінде тамақтың орнына пышақ, насыбай шақша, ине, біз, тарамыс және қаз мойын шот сияқты ескі заттар сақталатын. Ол күн сайын сөмкесін ашып, заттарын түгендейтін. Құлаша жалғыздығына да, жоқшылығына да шағымданбайтын.
Алтайда күздің алғашқы күндері еді. Сол күні біз бақшадағы картопты қазып, жертөлеге жинадық. Қараңғы түскенше жұмыс істеп, үйге кірдік. Ол кезде ауылда электр жарығы жоқ болғандықтан, кешкісін май шам жағатынбыз. Тамақ ішіп болған соң, шамды өшіріп, үйді қараңғылық басатын. Сол кеште апам екеуіміз жаңа піскен картоп жеп отырдық. Есік ашық еді. Бір кезде сырттан:
– Ассалау…-деген дауыс естілді де, қайтадан тыныштық орнады.
Мен оған мән бермей, картоп жеуді жалғастыра бердім. Ал апам елең етіп:
– Балам, шам жақшы. Содан кейін апам жертөленің ашық қалған қақпағын жабуды тапсырды. Жертөлеге еңкейіп қарағанымда, картоптың үстінде бір нәрсе жатқанын көріп, зәрем ұшты.
– Ойбай, апа! Жертөледе ешкінің басы сияқты бірдеңе жатыр! Сақалы да бар!- деп айқайладым.
Апам алғашында сенбеді. Бірақ май шамды алып, жертөлеге жақындады. Картоптың үстінде сақалды, көзі бақырайған бір қарт жатыр екен.
– Құдай-ау, бұл Құлаша ғой! Қалай құлап кеткен? Тірі ме өзі?-деді ол таңғалып.
Сол сәтте Құлаша қозғалып:
– Өлген жоқпын. Қолтығымнан демеп, шығарып жіберіңдер. Денем ауырып қалды,-деді.
Апам оны жертөледен шығарып, төрге отырғызды. Біраздан кейін Құлаша сәлемін аяқтады:
– Ассалаумағалейкум!-деді.
Апам күліп жіберді. Сөйтсек, Құлаша кешкісін үйге келіп, әдетінше амандаспақ болғанда, ашық тұрған жертөлеге құлап кетіпті. Біз оны бірден байқамағанбыз. Қатты жарақаттанбаса да, ол өзін ауырған адамдай ұстап, жастыққа сүйеніп жатты. Төргі бөлмеде әкемнің қарындасы Күләми де ауырып жатқан. Бір кезде Құлаша төргі бөлмеден шыққан дауысқа құлақ түріп:
– Менен басқа тағы біреу жертөлеге құлап кеткен жоқ па?- деп сұрады.
– Жоқ, Күләми екі күннен бері ауырып жатыр,- деді апам.
– Ендеше, оны ұшықтамаймыз ба?- деді Құлаша.
Апам оған үміт арта сөйлеп:
– Сіз жақсы келдіңіз. Ораза ұстап, намаз оқитын Қыдыр адамсыз ғой. Күләмиге дем салып беріңіз, - деп өтінді.