This site is in development — some features may not work fully yet.
Back to adapted texts
Шешем жайлы
B2 - Upper Intermediate · 438 words

Шешем жайлы

Audio player
0:00 --:--
Анасы бар баланың өмірінде көп нәрсе бар. Менде қазір бәрі бар. Үйде түк болмай қалған күнде де шешем мені аштан өлтірмейді, әйтеуір бірдеңе тауып, өз аузына салмастан, менің аузыма тосады. Қыз кезінде шешем көрікті болыпты. Орта бойлы, қыр мұрын, қызыл шырайлының әдемісі болғанға ұқсайды. Ал мен ес білгелі ол науқасшаң. Ауру мен жоқшылық қоса қабаттасып, құр сүлдері қалған. Отырса, тұрса, аузынан «ойбайы» түспейді. Соған қарамастан, күні кешке қыбыр-қыбыр қимылдаумен болады. Жоқты бар етіп, түтін түтетеді. Біздің үйдегі адамдардың қай-қайсысы да шешемді сыйлайтын еді. Ол не айтса, сол болады. Біз тату тұратын едік. Айқай-шу, жанжал болғанын білмеймін. Момын әкем шешеме дауыс көтермейтін. Қайта, шешем оған ынжықсың деп ұрсып отырушы еді. Еркектік намысына тиіп, күйініп, небір қатал сөздер айтатын. Әкем сонда да былқ етпейтін. Мен оқуға ынталы болдым. Шешем оған қуанатын. Шұқшиып сабақ жазып отырсам: – Менің жаным үлкейгенде өкіметші болады,-деп көтермелеп қоятын. Оқыған, ел басқару қызметінде жүрген адамдарды ауыл қазағы «өкіметші» дейтін. Ал менде арман көп. Бір арманым – Сағатбайға ұқсап мұғалім болу; екінші арманым – дүкенші болу. Өзге балалар секілді жас кезімде мен де тәттіге құштар едім. Кәмпит түгіл, қант қолға оңай түспейді. Дүкенде қант қабымен тұрады. Қанша жеймін десе де дүкеншінің еркі. Мен дүкеншіні дүниедегі ең бақытты адам деп есептеймін. Ертеден кешке дейін ол аузы босамай кәмпит жеп тұрмайтынына таңырқаймын. Мен болсам, еркімше жер едім. Дүниеде кәмпит жегеннен басқа да қызық бар деп мен ойламаймын. Қолыма он, жиырма тиын түссе, дүкенге жүгіремін. Бірақ тиыны құрғыр біздің қолымызға лотореяның ұтысы секілді тым сирек түсетін еді. Бір күні Сатылған ағайым маған қант алып же деп бүтін бір сом берді. Бұрын он тиын, жиырма тиын беретін. Өмірімде тұңғыш рет қағаз ақша ұстауым осы шығар. Әлгінде ауылға арбамен көшпелі дүкен келген. Ауыл совет кеңсесінің қасында сауда жасап тұрғанын көрген едім. Жерден жеті қоян тапқандай болып, жүгіріп сол араға келейін. Арба жоқ, кетіп қалыпты. – Әне кетіп барады,-еді біреулер. Қос ат жеккен арба ауылдан шығып кеткен. Сүмбенің жолымен зымырап барады. Арбада бір қап қант бар. Қуып берейін. Жалаң аяқ, жалаң баспын. Екі өкпемді қолыма алып, жүгіріп келем. Арбаны қуып жеттім. Сатушы не боп қалды дегендей таңқалды. Мен ентігіп сөйлей де алмаймын. Тек бір сомды ұсынып: – Қант... қант,- дей бердім Дүкенші болуды армандауымның тағы бір себебі бар. Мен жақсы киінгім келетін. Бірақ өзімнен бұрын анамды ойлайтынмын. Оған бастан-аяқ жаңа киім алып бергім келді: жаңа мәсі-калош, жаңа орамал, әдемі барқыт қамзол. Анам жаңа киімдерін киіп, қуанып жүрсе екен деп армандадым. Тіпті басқа кемпірлер оған қызығып қараса деп ойладым. Бөпке апамды да ұмытпадым. Ол да жаңа көйлек, кимешек, мәсі-калош киіп жүрсе екен дедім. Мен үшін дүкенші болу тек кәмпит жеудің мүмкіндігі емес еді. Бұл – өзім жақсы көретін адамдарға көмектесудің, оларды қуантудың жолы болатын.
Б.Соқпақбаев. https://www.zharar.com/index.php?do=shorttexts&action=item&id=34651.