Kazakh Text
Бірде Шоқан туған ауылында демалып жатқан кезде, әкесі Шыңғыс сұлтанның үйіне Саққұлақ шешен қонаққа келеді. Шоқан оның қазақтың тарихын, шежіресін және шешендік сөздерін жақсы білетінін сырттай естіген еді. Сондықтан осындай білімді адамның өз үйіне келгеніне ерекше қуанады.
Шоқан шешенмен әңгімелесіп отырып:
– Ақсақал, сіздіңше, адам өмірде қандай болуы керек?- деп сұрайды.
Саққұлақ шешен:
– Меніңше, адам өмірде өзін дұрыс ұстай білуі керек. Ол үшін ақыл, білім, талап, ой, кәсіп, сабыр және жақсы мінез қажет. Ақыл адамға жол көрсетеді, білім оның дүниетанымын кеңейтеді, ал сабыр қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі,- деп жауап береді.
Шоқан шешеннің жауабына сүйсініп, тағы бір сұрақ қояды:
– Егер адам жолдан адасса, кімнен жөн сұрайды.
– Біреу жолдан адасса, көне көзден сұрайды,
– Ал көне көз адасса, кімнен сұрайды?
–Көне көз адасса, көргендіден сұрайды.
–Көп көрген адам адасса, кімнен сұрайды?
–Көп көрген адасса, көп оқығаннан сұрайды.
–Көп оқыған адасса, кімнен сұрайды?
– Көп оқыған адам неге адассын, қалқам, Шоқан. Біліп туған бала екенсің, болашағыңнан көп үміт күтуге болады. Тақ үстінде ағар,-деп ризашылықпен қарапты жас ғалымға.
– Ойлы әрі мағыналы сөздеріңізге көп рақмет. Айтқаныңыздың бәрі орынды. Бірақ «тақ үстінде ағар» деген сөзіңізді сәл артық айттыңыз-ау деймін,- деп күлімдейді Шоқан.
Сонда Саққұлақ шешен Шоқан отырған емен орындықты көрсетіп:
– Қазақ «тақ» деп мынаны да айтады,-дейді.